
"Сайын даланың санатты ұлы". Осындай тақырыппен Атырау облысына қарасты Индер ауданында ғылыми танымдық конференция өтті. Бір кезеңдері қазақ даласына ислам дінін таратуда ұстаздық қызметтер атқарып, ел басқарған көрнекті тұлға Әйіп қажы Бекенұлының 180 жылдығына арналған конференция жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан қажы Мансұров арнайы қатысты.
Ғылыми танымдық конференция жергілікті Қ. Абаханов мектебі оқушыларының сахналық қойылымы мен Сиранов мектебі оқушыларының өлең шумақтары арқылы басталды. Онда Әйіп қажы Бекенұлының өмірі мен ағартушылық қызметі жолындағы еңбектерін, шығыс елдеріне сапарлары барысында өркениеттің озық үлгілерін өз халқына үйретуге бар күш жігерін салғанын, өзінің даналығының арқасында патшаның алғысын алып, елінің жоғын жоқтап, сауаттануына зор үлес қосқандығы туралы кеңінен мәлімет берілді.
Конференцияда баяндама жасаған Атырау облысының Бас имамы Батыржан қажы Берденұлы Әйіп қажы Бекенұлының 1898 жылдан бастап батыс өңірлеріне жаңа архитектуралық үлгіде өз қаражатына зәулім мешіттер салдырып, жастардың діни сауатын ашуға мол мүмкіндік бергенін де атап өтті.
Айта кетелік, ғылыми танымдық конференция жұмысына Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағымов, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет, Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы, өлкетанушы Тыныштық Өтешқалиев және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, баяндама жасады.
Пікірлер