
Студенттер жалғызбасты қарт адамдар тұратын үйлердің аумағында қар тазалау жұмыстарын ұйымдастырды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты. «Үлкендерге қамқорлықпен» акциясы «Жас сақшы» жобасының аясында өткізіліп отыр. Мақсат – мұқтаж жандарға көмек көрсету. «Жас сақшы» әлеуметтік бағдарламасының қызметін Астана қаласының Әлеуметтік даму департаментінің бастамасы бойынша «Қазақстанның жастар конгресі» ұйымы жүзеге асырып отыр.
Елордалық белсенді жастар демалыс күндері Раиса Жаркова мен Файна Ибраеваның үйіне қонаққа барды. Раиса Жаркова – 92 жаста. Ол екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылда еңбек еткен. Қарт әжей жалғыз тұрады. Паналап отырған баспанасы жөндеу жұмыстарына мұқтаж.
«Көмек берген балаларға рақмет. Себебі маған су тасып, көмір мен отын кіргізу қиынға түседі. Үлкен рақмет, мықты денсаулық тілеймін!», – деп Р. Жаркова еріктілерге алғыс білдірді.
Фаина Ибраева да – жалғызбасты. Оның айтуынша, үй шаруашылығы әйелдерге қиындық тудырады.
«Әкімдік пен басқармаға өз алғысымды білдіремін. Әрине, келіп, қол ұшын берген балаларға да алғысым шексіз», – деді Ф.Ибраева.
Жастар қариялардың ауласын қардан тазалап, жөндеу жұмыстары мен басқа да үй шаруашылығына көмектесті.
«Біз мұндай шараларды жиі өткіземіз. Еріктілермен бірге «Жас сақшы» жобасы аясында қарттарға көмектесуді әлі де жалғастырамыз. Ал біздің студенттеріміз қарт адамдарға қар тазалап, үй шаруаларына қосымша көмек көрсетуді жалғастырады», – дейді әлеуметтік даму бөлімінің бас маманы Ақұлан Тастемір.
Пікірлер