Жуырда РАНТ мүшесі, исламтану мамандығының магистрі, Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің бас имамы Қабылбек Әліпбайұлы Сыр өңіріне арнайы сапармен келді.
Төрт күнге созылған сапар барысында қалалық «Айтбай», «Мүсірәлі Ата», «Нұр», «Ақмешіт-Сырдария» мешіттерінің жамағаттарымен, Жалағаш ауданы тұрғындарымен кездесіп, жергілікті имамдармен және теологтармен семинар өткізілді.
Сапар кестесіне сәйкес, бейсенбі күні «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешіті жанындағы асханада жайылған ауызашар дастарқаны басында мешіт жамағаттарына және де есту және сөйлеу қабілетінен айырылған жандарға субаудармашылардың көмегімен «Мұсылманның бауырмашылдығы, жамағаттың ауызбіршілігі» тақырыбында уағыз айтты. Құптан намазынан кейін қалалық «Нұр» мешітінде жамағатпен өткен кездесуінде сұхбат құрып, сұрақтарына жауап берді.
Жұма күні облыстық мешітте «Ханафи мазхабының негіздері» тақырыбында жұма уағызын айтып, мүбарак Мәуліт айының келуімен құттықтады. Намаздан соң, Алла Тағаладан елімізді табиғи апаттар мен келеңсіздіктерден сақтауын сұрап, ел амандығы мен жұрт тыныштығы үшін дұға етті.
Пікірлер