
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан қажы Мансұров Халел Досмұхамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарих және журналистика мамандығында оқып жатқан жоғарғы курс студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында Бас имам Батыржан қажы Берденұлы дін жән дәстүр сабақтастығы туралы лекция оқыды. "Дәстүр - ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр қашан да сабақтас. Алла Тағала Құранда: "Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол" деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміздің өзі белгілі бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла Тағала бұл аятта қоғамда жағымды жайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр" деп атап өтті ұстаз. Екі сағатқа созылған кездесу кезінде ұстаз Батыржан Мансұров студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Кездесу соңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, мүфтият жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі Батыржан қажы Мансұровқа аталмыш университет басшылығының Алғыс хаты табыс етілді.
Пікірлер