
«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы Темір ауданында жалғасуда. Өкіл имам Төлеби Оспан аудан тұрғындарымен кездесіп, бірқатар іс-шараларға қатысты. Атап айтқанда Шұбарши, Қайыңды және Талдысай ауылдық мешіттерінің тыныс-тіршілігімен танысып, мониторинг жұмыстарын жүргізді. Тұрғындармен, жергілікті жамағаттарымен сұхбат құрып, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Жамағаттың бірлігіне бағытталған, бірқатар маңызды тақырыптарда насихаттар айтылды. Сондай-ақ, Шұбарқұдық елдімекенінде жамағатқа арналған семинар өтті.
Сапар аясында жуырда ашылғалы жатқан жаңа мешіттің құрылыс жұмыстарымен де танысты. Кеңқияқ ауылында бой көтергелі жатқан мешіт екі қабат болып қаланған. Қабырғалары тұтастай қызыл кірпішпен өріліп, күмбезі, биік мұнарасы салынған. Мешіт жуырда ашылады деп күтілуде.
Ғасырдан астам тарихы бар Темір қалалық мешіті де биыл күрделі жөндеуден өтуде. Өкіл имам тарихи мешіттің тыныс-тіршілігімен, құрылыстың барысымен танысып қайтты. Жергілікті жамағаттардың демеушілігімен қайта қалпына келтіру жұмыстарына 16 млн-ға жуық қаражат жұмсалған. Құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда.
Пікірлер