
Үстіміздегі жылдың 28 қазан - 2 қараша аралығында киелі Мәдина қаласында Ислам әлеміндегі ең беделді ұйымдардың бірі - Халықаралық Ислам каноны академиясының XXIII съезі өтіп жатыр.
Съезге Академиядағы Қазақстанның тұрақты өкілі ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Халықаралық қатынастар және протокол бөлімінің меңгерушісі, Ғұламалар кеңесінің xатшысы, PhD докторы Ершат Ағыбайұлы Оңғаров қатысуда.
46 елден келген Ислам ғұламалары мен белгілі сарапшылар алқалы жиында мұсылман әлемінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, мұсылман жұртшылығын алаңдатып жүрген тақырыптар бойынша жазылған ғылыми еңбектерді талқыға салуда. Ғалымдардың алты күндік ғылыми кеңесінде "Шариғаттағы кәмелет жасына жетпеген қызды тұрмысқа беру: уәли (оған жауапты адам) ақысы, бойжеткеннің құқығы және рұқсат ету-етпеудегі биліктің құзреттілігі", "Шариғат және қазіргі күнгі қаржы жүйелеріндегі банкротқа ұшырау мен өтеуге дәрменсіздіктің үкімі", "Емделу барысындағы ораза бұзатын нәрселер", "Исламдағы xитан (әйелді сүндеттеу) мәселесі", "Бүгінде терроризм деп аталып жүрген экстремизмге қарсы идеологиялық және іс-қимыл процедуралары", "Банктің ағымдағы шот иелеріне көрсететін қызметінің шариғатқа сай ерекшеліктері", " Исламдағы қасақана емес медициналық қателіктерге дәрігердің жауапкершілігі", "Халал: мұсылман елдердегі стандарттар мен ерекшеліктер жөніндегі институттың сұранысына жауап", "Қаржылық операциялар бойынша хеджирлеу: ережелер мен үкімдер", "Ерлі-зайыптылардың мүлік иемденуіне неке шартының әсері", "Сукук туралы кейбір мәселелерге қатысты ғылыми жұмысы бойынша академия xатшылығы құрған комиссияның ұсыныстарын қарау" сияқты ғылыми ізденістер қызу талқыланып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 1977 жылы негізі қаланған Халықаралық Ислам каноны (фиқһы) академиясы – бүгінгі Ислам ғұламалары мен сарапшыларының басын құрайтын мұсылмандардың ғылыми орталығы болып есептеледі. Құрамына 57 елдің ғалымдары кіретін xалықаралық ұйымға Қазақстан 2013 жылы тұңғыш рет қатысып, Е.Оңғаров академияның тұрақты мүшесі болып қабылданған болатын.
Пікірлер