Рухани келісім күні қарсаңында, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің кітапханасында Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалым Нұрмағанбетұлы Сыр өңірінің имамдарымен кездесті.
Қызылорда облысына арнайы іс-сапармен келген Ғ.Шойкин аймақтағы діни ахуал тұрақтылығын пайымдап, халықтың тыныс-тіршілігімен, облыс бойынша дін саласында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстармен танысты.
Сапар барысында, облыстық мешітке арнайы атбасын бұрып, алдымен мешіттің сәулетімен, жаңа өзгерістерімен танысып, құлшылық үйіндегі жамағаттың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Бұдан кейін ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Болатбек Ұласқанұлы, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов, облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры Б.Камалов және мешіт имамдары қатысқан кездесуде діни ахуал тұрақтылығын сақтауда қоғамға залалын тигізер өзекті мәселелерді айшықтап, заң жобасы мен нормаларының мақсаты мен маңызын түсіндірді.
Кездесу соңында сұрақтарға жауап беріліп, жұмыс сапасын жоғарылатып, жобалардың тиімді жүзеге асырылуы үшін ұсыныстар мен тәжірибелік пікірлер білдірілді.
Пікірлер