
Кеше Бас мүфти жүлдесі үшін қазақ күресінен V республикалық турнирге Ақтөбе палуандары арасында іріктеу сайысы өтті. Қаладағы «Жастар» балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде өткен белдесуге қала және аудандардан 15-ке жуық кәсіпқой спортшылар қатысты. Олар 90 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Сайысты тамашалауға Ақтөбе облысы бойынша қазақ күресінен тұңғыш спорт шебері Зейнолла қажы Төлеутаев, өкіл имам Төлеби Оспан, мешіт имамдары мен мешіт алқасы мүшелері, жамағат қатысты.
Палуандардың жекпе-жегіне Ақтөбе облысы қазақ күресі федерациясының жаттықтырушылары төрешілік етті.
Н.Иманғазин ақтық кездесуде шалқарлық спортшымен белдесіп, айқын жеңіске жетті. Ал Шалқар ауданынан келген М.Емжаров екінші орынға табан тіреді. Оларға есе жіберген ырғыздық палуан А.Әділбек ІІІ орынға ие болды.
Жүлделі орындарға ие болған палуандарға мадақтама және 70 000, 50 000, 30 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақылар табысталды. Сондай-ақ, І, ІІ орын иегерлеріне Бас мүфти жүлдесі үшін белдесуге жолдама берілді.
«Нұр Ғасыр» мешітінің атынан қатысқан спортшы Жолмырза Əлiмжан ынталандыру сыйлығына ие болды. Бұдан өзге палуандар сайысқа қатысып, салауатты жамағат қалыптастыруға үлес қосқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Пікірлер