Бүгін ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Оразбаев Ардақ Нүсіпханұлының бастауымен, «Жастар ісі» секторының ұйымдастырумен Талдықорған қаласындағы орталық "Имам" мешітінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы жүлдесі үшін қазақша күрестен облыстық турнир өтті. Бас мүфти жүлдесі үшін өтетін V республикалық турнирге іріктеу ретінде ұйымдастырылған аталмыш додаға өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 24 түйе балуан бақ сынасты.
Облыстық турнир гір тасын көтеруден және грек-рим күресінен спорт шебері, суға жүзу мен гимнастикадан ІІ разрядты спортшы, балуан әрі имам болған Әмірбай Рысқұловты еске алуға арналды. Әмірбай Рысқұлов 80 жасына қараған шағында небәрі 30 минут ішінде 700-ден асыра гір тасын көтерген еді.
Шараның ашылуында қазақ кино өнерінің жұлдызы, "Тақиялы періште" аталып кеткен Ә.Райымбеков боз кілем шеберлеріне ақ батасын арнаса, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев тілегін жеткізді. Нәтижеде кербұлақтық балуан М.Қойшыман жарыстың үшінші тұғырына көтерілді. Ал ақтық сында талдықорғандық Н.Аманжолұлы мен сарқандық Н.Жолтаев бас жүлдеге таласып, талдықорғандық балуан жарыс жеңімпазы атанды. Ақтық сында күрескен қос балуан Астанада өтетін республикалық турнирге жолдама алды.
Пікірлер