
Кеше «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің қызметкерлері «Жайна» мүгедек балаларды сауықтыру орталығында болды. Биыл Балаларды қорғау күні қарсаңында мешіт тарапынан осындағы сырқат сәбилерге 8 мүгедек арбасы берілген болатын. Бұл жолы сәбилерге сыйлықтар, ойыншықтар таратылып, су жаңа күздік-қысқы күртешелер мен жылы киімдер үлестірілді. Сауапты іске қаладағы «Аққу» сауда орталығының сатушылары да үлес қосты. Барлығы 20 келіге жуық киім берілді. Сәбилерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін келген мешіт қызметкерлері Бақыткерей Балкенов, Мәжит Әбішев және ұстаз Кенжегүл Қошқарова балаларға ойын ойнатты. Орталыққа мешіт жамағатының апа-әжелері де арнайы келіп, ақ тілектерін арнап, бата берді.
Қазір 15-ке жуық ата-ана күндізгі стационарға жазылып, осыннан баласына ем-дом алып жүр. Оларға мешіт қызметкерлері қайырымдылық көмек есебінде азық-түлік қоржындарын үлестіріп берді. Әр қоржын салмағы шамамен 13 келідей.
Орталықтың барлық қызметкерлеріне бұл күні мешіт атынан дастархан жайылып, ілтипат көрсетілді.
Бұған қоса, мүгедек бала тәрбиелеп отырған 3 ата-анаға мешіттің «Сен де үлес қос» акциясының атынан 70 000 теңге көлемінде қаржылай көмек берілді.
Пікірлер