
Темір ауданына 2 діни маман қызметке тартылды. Бас мүфти бұйрығымен Жанахметов Дархан есімді азамат «Досжан ишан» мешітінің наиб имамы қызметіне, Нұрлыбек Сабырғалиев Шұбарқұдық кәсіпшілігі мешітінің Бас имамы қызметіне тағайындалды. Кеше өкіл имам Төлеби Оспан жаңа мамандарды жамағат алдында таныстырып, қызметтеріне береке тіледі.
Жаңа наиб имам Дархан Жамаладдинұлы – «Нұр Мүбәрәк» Қазақстан-Мысыр Ислам мәдениеті университетінің биылғы түлегі. Ол 2014-2018 жж. аралығында «Усуль Фикх» факультетінде Исламтанушы мамандығын меңгерген. Ал Шұбарқұдық жамағатына имамдыққа тағайындалған Нұрлыбек Мұсағалиұлы бұған дейін «Әл-Ләтиф» мешітінің Бас имамы қызметін атқарған болатын.
Темір аудандық «Досжан ишан» мешітінің наиб имамы қызметіне тағайындалған Дархан Жанахметовке қызметтік пәтер кілті табысталды. Пәтер кілтін өкіл имам Төлеби Оспан жұма күні жамағат алдында тапсырды. Үш бөлмелі пәтер аудан әкімдігінің қолдауымен, аудан әкімінің тікелей ықпал етуімен бөлінді. Аудан әкімі Жолдас Нұрланұлы діни мамандардың әлеуметтік жағдайына алаңдамастан, қызметін жоғары деңгейде, сапалы да тиянақты атқаруы үшін оларға әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсету жалғаса беретіндігін жеткізді. Маман қазіргі таңда осында отбасымен бірге орналасуда.
Пікірлер