Павлодар облысы, орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті және Павлодар қаласы әкімдігінің Мәдениет және Тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп жыл сайын өткізетін дәстүрлі «Мәшһүр Жүсіп оқулары» осы аптада сегізінші мәрте ұйымдастырылып өтті. Бұл конкурске қала және қала маңындағы барлық оқу орындары, ұйым мекемелерден алғашқы сатысында 50-ге жуық үміткерлер іріктеу сайысында бағын сынап, қорытынды сайысына барлығы 21 адам қатысты. Олардың ішінде мектеп оқушылары мен мұғалімдер, студенттер, өндіріс орындарының жұмыскерлері бар. Конкурс «Колос» балалар мәдени-сауық орталығында өтті.
Конкурске қатысушылар оларға жеңіл болсын деген оймен таңдалған Мәшһүр Жүсіптің тілге жеңіл, құлаққа жағымды таңдаулы жырларын жатқа оқыды. Конкурс барысында үміткерлер Мәшһүр Жүсіптің өмірбаянын қамтитын викториналық сұрақтарға жауап беріп, діни-философиялық әңгімелерін мәнерлеп оқыды және қолға түскен кез келген өлеңін жатқа айтты.
Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен бірінші орын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөпшегі ПМПУ оқытушысы З.Қуандыққа берілді. Екінші орын «Қазақстан Алюминийі» АҚ экономисті С.Дарим ұтып алса, үшінші орын Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледждің студенті А.Бекмырзаға бұйырды. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтардың иелері атанды.
Конкурс әділқазылар құрамына «Mazhab.kz» діни-танымдық порталының бас редакторы Амантай Тойшыбайұлы қатысып, ерекше дарынымен көзге түскен қатысушы С.Даримге «Мәшһүр Жүсіп» мешітінен тағайындалған арнайы сыйлықты табыс етті.
Сайысқа қатысушылар жылдағы дәстүр бойынша келесі күні Баянауыл ауданы, Жаңа жол аулы, Ескелді қыратындағы ұлы ойшылдың кесенесіне зиярат жасап, ондағы мұражай экспонаттарымен танысып, мұражайда Мәшһүр Жүсіпке арнап жазған өлең-жырларын оқып, шағын мәдени шара ұйымдастырды.
Пікірлер