
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылды «Ислам және отбасы» жылы деп жариялаған болатын. Сондықтан, «Отбасы күніне» орай, «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйымдастыруымен отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Үлгілі отбасы – қоғам тірегі» атты семинар өткізілді.
ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Асқар Мұқанов семинардың ашылу сәтінде сөз сөйлеп, іс-шараның маңызы жайлы баяндап берді.
Астана қаласының Қоғамдық даму басқармасының басшысы Данияр Есин семинарға арнайы қатысып, оның қоғамдық маңызы айырықша екенін атап өтті.
Семинар аясында ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, ф.ғ.к., профессор, мәдениеттанушы, абайтанушы Омар Жәлел, «Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ «Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету» бөлімінің басшысы, психолог Қойшиева Лимана, ҚМДБ-ның Әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақбөпе Қанатқызы қатарлы білікті мамандар неке, талақ мәселелерінің шариғаттағы үкімі, халқымыздың жас отбасыларға берген тәрбиесі, әйел затының отбасындағы орны мен маңызы жайлы баяндамалар оқыды. Сонымен бірге, семинар қатысушылары тарапынан қойылған отбасы мәселелеріне байланысты сұрақтарға тұшымды жауап берді.
Пікірлер