
2010 жылы басталған «Медициналық пойыздар» жобасы жемісті жұмыс атқарып, жұртшылықтың көңілінен шығып келеді. Он жылға жуық уақыт аралығында консультативтік-диагностикалық пойыздар республиканың барлық облысында болып, 1326 стансаның 379 мыңнан астам тұрғынына медициналық көмек көрсеткен. Мамандар соның ішінде 8 3806 баланы тексеруден өткізген. Дәрігерлік қабылдаудың жалпы саны 2,5 млн адамды құраған.
Игілігі мен ізгілігі мол жоба биыл да өз жұмысын қарқынды жалғастырып отыр. Жуырда Қарағанды және Алматы қалаларынан «Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары жолға шықты. Үш ай бойы пойыздар еліміздің шалғайдағы темір жол бекеттерінде тоқтап, елді мекен тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді.
Пойыздардың медициналық бригада құрамына терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сияқты білікті дәрігерлер кіреді. Пойыз заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған, оның ішінде компьютерлік спирометрлік жүйемен, эхоэнцефалографпен, диагностикалық жүктеме сынақтарын жүргізу үшін кардиологиялық мониторинг жүйесімен, сондай-ақ рентген, стоматологиялық, ЛОР және офтальмологиялық жабдықтардың соңғы үлгілерімен қамтамасыз етілген.
Биыл «Денсаулық» пойызы Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстары бойынша, барлығы 82 бекетке тоқтайды. «Саламатты Қазақстан» пойызымен Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарының шалғайдағы 57 стансаның тұрғындарын қамту жоспарланып отыр.
Станса тұрғындары жоғары білікті медициналық көмек, соның ішінде шағын хирургиялық операциялар, сондай-ақ жоғары сапалы стоматологиялық көмек ала алады.
Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және Денсаулық сақтау министрлігі, сонымен қатар «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-тың «Әлеуметтік жобалар» Корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асырылады.
Пікірлер