
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігі мен «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры бірлесе отырып жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектеп сөмкесі» қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қуаныш сыйлап, білім іздеген бүлдіршіндерге көмек көрсетті.
Қайырымдылық шараларының қара шаңырағына айналған облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде өткен шара аясында Тараз қаласындағы 80 оқушыға, оқуға қажетті құрал-жабдықтар салынған 80 сөмке таратылды.
Шараға орталық "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы Жапек Ғалымбек, «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Айтбай Қайрат мырза қатысып, оқушылар мен ата-аналардың қуанышына куә болды.
Игі шараның шымылдығын ашқан облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Жапек Ғалымбек асыл дініміздегі оқу-білімнің орны жайлы айта келе, жас бүлдіршіндерді оқуда озат болуға шақырды.
Көмек алған барлық оқушылардың ата-аналары шараны ұйымдастырушыларға шексіз алғыстарын жеткізді.
Пікірлер