
Дүниежүзі тарихында тұңғыш рет халықтың қалауымен үні өшірілген тажалдың зардабы ешқашан ұмытылмақ емес. Әлем осы сәттен ядролық сынақтан өз еркімен бас тартқан жас мемлекет пен оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз еңбегін жоғары бағалайды және бағалай да бермек. Президент Жарлығымен түпкілікті жабылған Семей ядролық сынақ алаңы орналасқан қара жер дүмпулерден тыныстады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзатты ядролық қарудан азат ету және жаппай қырып-жою қаруын таратпау тәртібін күшейтуге бағытталған саясаты халықаралық қоғамдастықтың мойындауына ие болды және Қазақстанның қарусыздану, оны таратпау және ядролық қарусыздану саласындағы жаһандық көшбасшылығын нығайтты. Арада он сегіз жыл өткеннен кейін БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп бекітті.
Одан бергі уақытта да Қазақстанның әлемдегі тыныштық пен бейбітшілікті әспеттейтін бастамалары дүниежүзілік ұйымдардың мінбелерінен, халықаралық жиындардың күн тәртібінен түскен жоқ. Өйткені әлем әлі де болса ядролық сынақ, ядролық соғыстардың үрейінің құрсауынан босап шыққан жоқ. Қазіргі сұмдық қарулар адамзатты жер бетінен жойып жіберіп, өркениетті тып-типыл қылуға қауқарлы. Тіпті, қазір көп айтыла бермейтін 1953 жылғы Семейдегі алғашқы сутегі бомбасының сынақтан өткізілгендегі деректерін оқығанда төбе шашың тік тұрады. Қуаты Хиросимаға тасталып, әлемді зар еңіреткен бомбадан 30 есе жоғары, ондаған километрдегі ғимараттарды жермен-жексен етіп, жақын жердегі әскери техникаларды күлге айналдырып, көкте үлкен қаланың көлеміндей қою бұлт қалдырған бомба бүгінде барынша жетілдірілмеді дегенге сену қиын. Абай жеріндегі бұл қасіретті жете түсінген Қазақстанның, тәуелсіз елдің Президентінің дабыл қағатын жөні бар. Оның үстіне ядролық бомбалардың жарылысы еліміздің батысында ұйымдастырылып, халқын айықпас кеселге душар етті. Сынақ алаңдарына таяу маңдарда адам ағзасын жегідей жейтін қатерлі ісіктің сан түрі, жарық дүние есігін мүгедек болып ашқан сәбилер көбейіп кетті. Полигонның зардабы жан-жануарлар әлеміне де әсер етіп, екі-үш басты төлді көрген жұрт бірталай есеңгіреп қалды. Міне, теріс бағыттағы ғылым мен адамзаттың қанқұмар, ашкөздігінің салдары осы.
Жалпы, еліміздің аумағында бас-аяғы 468 жарылыс ұйымдастырылған. 1,5 миллиондай адам оның зардабын тартып, Еуропаның бірқатар мемлекеттерінің жерінен де үлкен аумақ жарамсыз болып қалды.
Сондықтан да еліміздің қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы саясаты халықаралық қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, жаһандық мәселелер мен қақтығыстарды реттеудегі халықаралық ұйымдардың рөлін арттыру жолын ұсынуы – сыртқы саясатымыздың ең басты бағыттарының біріне айналды.
1991 жылы Беларусь, Қазақстан, Ресей, Украина басшылары Стратегиялық ядролық күштерге қатысты Алматы Декларациясында бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналының қызметіне ортақ бақылау орнатудың, ядролық қауіпсіздіктің қажетті деңгейін ұстауда қандай да бір іркілістерге жол бермеудің тетігін айқындады және стратегиялық шабуыл құралын қысқарту саласында Одақтың халықаралық міндеттемелерін ұстануды құптады.
Ал 1992 жылдың мамыр айында жоғарыда аталған елдер, АҚШ өкілдері төрт мемлекеттің аумағында орналасқан стратегиялық Ядролық күштерге қолданылатын стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту мен шектеу туралы шарттың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақтылайтын бес жақты Хаттамаға қол қойды. Лиссабон хаттамасында, сондай-ақ Беларусь, Украина және Қазақстанның ядролық қаруға ие емес елдер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу міндеттемелері тиянақталды.
Бұл жиындардың барлығында әлі буыны бекіп үлгермеген жас мемлекет – Қазақстан бейбітшілікке деген ұмтылысымен дараланды.
1993 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Ядролық қаруды таратпау шартын бекітті. Қазақстанның ЯҚТШ-ға қосылуы еліміздің сыртқы саяси бағытын іске асырудың маңызды кезеңіне айналды. Қазақстан ЯҚТШ-ға мүше бола отырып, осы шартқа сәйкес ядросыз ел мәртебесіне байланысты міндеттемелерін қатаң ұстанады.
Ал 1994 жылғы 5 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның Будапешт саммитінде ядролық қарусыз мемлекеттер ретінде ЯҚТШ-ға қосылуына байланысты Қазақстан, Беларусь және Украинаға Қауіпсіздік кепілдігін беру туралы Меморандумға Ресей, АҚШ және Ұлыбритания қол қойды. Бұл құжатқа қол қою Қазақстанның өз аумағынан ядролық қаруды шығару бойынша өз міндеттемелерін толығымен және бұлжытпай орындағанын халықаралық қоғамдастықтың танығанын көрсетті.
Еңбек еш кеткен жоқ. 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамыз – Семей ядролық полигонының ресми жабылған күнін Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы Қазақстан бастамашылық еткен консенсумды қабылданды.
Ерен еңбек пен жігерлілік көрсеткен Қазақстан «АТОМ» (Abolish testing. Our mission) жобасына бастамашылық жасады. Жобаның міндеті – Петицияға қол қою жолымен ядролық қауіпке қарсы белсенді іс-қимыл жасау үшін әлемдік азаматтық қауымдастықты нығайту болатын.
2015 жылы Хиросима және Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудың 70 жылдығына орай, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясында Ядролық қарудан азат әлем құрудың жалпыға ортақ Декларациясы туралы қарар қабылданды. Бұл бастама БҰҰ мүше мемлекеттерінің көпшілігінен қолдау таба отырып, ол ядролық қаруға тыйым салу бойынша халықаралық міндетті заңды құжат қабылдау бағытындағы маңызды қадам болды.
Бүгінде әлемде ядролық қаруға иелік етіп отырған мемлекеттер санаулы-ақ. Олардың қолындағы қару саяси-экономикалық саудаларда ашық айтылмаса да, өзгелерге үстемдік етуге, қоқан-лоқы көрсетуге қолданылып отырғаны жасырын емес. Әлем елдерінің белгілі сарапшылары барлық тараптар қаруларының саны мен мүмкіндіктерін есептеп отыруы бекерден-бекер емес.
Қазіргі таңда ұйымдасқан қылмыстық топтар мен халықаралық терроризм мен экстремизмді «кәсіп» еткен ұйымдардың ядролық қару иеленуге ұмтылыстары жоғары. Алайда жаңа заманда ядролық соғыстарға жол берілмесі анық. Ядролық зымырандардың саны бойынша көш бастап отырған АҚШ пен Ресей және басқа да мемлекеттер қаруды қолданбау, санын көбейтпеу, біртіндеп азайтуға байланысты келісімге келгенімен, бірін-бірі аңдуменен күн кешуде.
Ал өзінің ядролық жойқын әлеуетінен бас тартқан Қазақстанның бұрынғы қарулас әріптестеріне қарағанда, ұйқысы тыныш, көңілі жай. Біздің еліміз әлемге де осы мамыра-жай тіршіліктің үлгісін ұсынды.
Ядролық қарусыздану мен тажалды таратпауға байланысты біздің тарап үнсіз отырған жоқ. Мақсат жалғыз – саңырауқұлақ пішіндес қанқызыл бұлтты келер ұрпаққа көрсетпеу.
Міне, еліміздің бастамасымен халықаралық мәнге ие болған 29 тамыз күні осы деректер жылма-жыл әлем назарын аударып келеді.
Пікірлер