Биыл 1 тамыз бен 30 қыркүйек арылығында жыл сайын өтіп жатқан «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы осымен он бірінші рет қолға алынып отыр. Ел мұсылмандарының қара шаңырағы болушы ҚМДБасқармасы да бұл шараға үлкен маңыз беріп келеді. Нақты айтар болсақ, ҚМДБ-нан еліміз көлеміндегі мешіттерінің іс-қызметтерінің негізгі 4 бағытының бірі – қайырымдылық іс-шаралары. Сол шаралардың ішіндегі тұрақты дәстүрге айналғаны «Мектепке жол» акциясы. Акцияны өткізудегі мақсат – аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңiнде және әлеуметтiк себептермен мектептен қалып қоятын балаларға көмек көрсету екендігі белгілі. Бұл шараға Павлодар облысындағы барлық мешіттер жыл сайын тұрақты атсалысып келеді.
Облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешіті Республикалық «УАҚЫП» Қазақстандық қоры» корпаративтік қайырымдылық қорымен бірлесіп мешіт тізімінде тұрған әлеуметтік аз қамтылған, мұқтаж жанұялардың 150 балаларына сумка, оқу құрал-жабдықтары, сондай-ақ, мектеп формасы, қажетті спорт киімдері дайындап, оларға мешіт ішінде арнайы табыстады. Биылғы бұл игі шараға біршама иманды азаматтар өз шамаларынша үлестерін қосты.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген «Мәшһүр Жүсіп» мешіттің наиб имамы Қанат Қадыкәрімұлы жас ұрпақ өкілдеріне алда келе жатқан білім маусымында жақсы оқып, еліміздің болашақ тірегі болатын ұландар болып өсуіне тілектестігін білдірді. Наиб имам өз сөзінде «Бұл акция игі дәстүрге айналған. Былтыр да жүзден астам балаға арнайы мектеп формасы мен сөмке үлестірген едік. Әр оқу жылының қарсаңында ҚМДБ-ның мешіттері тарапынан атқарылатын дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық іс-шарасы биыл да өз жалғасын табуда. Биыл да бұл игі шара кеңінен жалғасын тауып, оған Павлодар облысындағы барлық қала, аудан, ауыл мешіттері өз үлестерін молынан қосып келеді. »,-деді. Мұндай ізгілік шаралары облыстың барлық аудан орталықтарындағы мешіттерде де қолға алынып отыр.
Шараға қатысқан наиб имам Қанат Қабдыкәрімұлы, Елбек Қожамұратов, Арман Наймалар жиналған оқушыларды келе жатқан Құрбан айт мейрамымен құттықтап, биылғы оқу жылы мұсылмандардың қасиетті мерекесімен сәйкес келгенін атап өтті. Оларға білім алудың маңыздылығы жайлы айта келе, оқуда озат болып, болашақта еліміздің өркендеуі үшін адал қызмет жасауға шақырды.
Сонымен қатар мешіт тарапынан жасалатын қамқорлықтың мәнін түсіндіріп, бүлдіршіндерге жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Сондай-ақ, қашанда жақсылықтың жаршысы болып, қайырымдылық шараларына белсене атсалысып жүрген кәсіпкерлер мен қызметкерлерге, жыл сайын дәстүрлі түрде оқушылардың мекетеп дайындығына үлесін қосып жүрген қажы аталар мен апаларға алғысын жеткізді.
Пікірлер