
Алматы қаласындағы қарқынмен жүріп жатқан құрылыстардың бір бөлігін студенттердің тұрғын-жайлары қамтиды. Бүгінде жоғары оқу орындарының басым көпшілігі шоғырланған оңтүстік астанада 22 мыңдай студент жатақханаға мұқтаж.
Қала басшысы Бауыржан Байбек аяқталуға жақын жатақханалар құрылысымен танысты. Студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету үшін соңғы үш жылда 37 жатақхана салу жоспарланып отыр. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, биыл қолданысқа төрт жатақхана беріледі. Ал 12 жоғары оқу орнында 4,8 мың орындық жатақхана құрылысы үшін арнайы учаскелер анықталған. Сондай-ақ қалада 19 жатақхана салу үшін жер телімдері беріліп отыр.
Б.Байбек жұмыс сапары барысында Бостандық ауданында салынған 400 орындық алты қабатты жаңа жатақханамен танысты. Бүгінде мұнда тұрғын және тұрмыстық бөлмелерді жиһазбен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті қала сыртындағы студенттерге арналған тұрғын үйге қажеттінің барлығын қамтамасыз ететін болады.
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жанындағы 600 орындық тоғыз қабатты жатақхана құрылысы да аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта алаңы 11 мың шаршы болатын ғимараттың ішкі әрлеу және көріктендіру жұмыстары жүргізілуде.
Алматыда сонымен қатар «Алматы жастары» бағдарламасы жалғасын табуда. Жас отбасыларға жеке тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беру мақсатында бастапқы төлемсіз 5% мөлшерімен 2 млрд теңге қарастырылған.
Соңғы жылдары Алматыда тұрғын үй құрылысының қарқыны 4 есеге өсіп, кезекте тұрған әрбір үшінші тұрғын пәтерге ие болған. Ал жуық арада 17 мыңнан аса пәтер салынатын болады.
Пікірлер