Тамыздың таң арайымен таласа көк күмбезді Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітіне жиналған жамағаттың жүздерінен Құрбан айтқа деген сағыныш лебі есіп тұрды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов «Халифа Алтай» мешітіне арнайы келіп, айт намазы алдында халықты Құрбан айт меркесімен құттықтап, ұлық мерекенің ынтымақпен бейбітшілікті сақтаудағы айырықша маңызы жайлы кең көлемде баяндап өтті. Сөз соңында «Елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, отанымызға бейбітшілік тілеймін, Құрбан айт құтты болсын!» деп, жамағатқа ізгі тілегін жолдады.
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы Дәулет Тілеуханұлы құрбан айт мерекесінің Тәуелсіздіктің арқасында қайта жаңғырып, бүгінде Елбасымыздың қолдауымен мемлекеттік мейрам деңгейіне көтерілгенін айта келе, қайырымдылық пен ізгілік мерекесі екендігіне тоқталды.
Айт намазы оқылған соң Құрбан шалу басталып кетті. Сонымен бірге облыстық «Халифа Алтай» мешітінің алдындағы алаңда мерекелік шаралар жалғасын тапты. Жалпы жамағатты қамтыған арқан тарту,гир көтеру, қол күресі секілді жарыстар мәнді мерекенің ажарын одан сайын аша түсті. Ән әуелеп, күй тартылды.
Мешіт алдына тігілген ақшаңқан киіз үйлерде халыққа бауырсақ және қымыз таратылып, айттың берекеті көрініс тапты. Ақсақалдарға арнаулы дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Өскемен қаласының сыртындағы құрбан шалатын арнайы орында халықтың қарасы биыл тіптен мол. Өкілдіктің мал шаруашылығы иелеріне жолдаған үндеуінің нәтижесінде мұнда биыл мал бағасы да айтарлықтай қымбат емес болып отыр. Құрбан шалатын орынның реттілігіне айырықша назар аударылғандығын аңғаруға болады. Өскеменде құрбан айт мейрамы өзгеше нақышта тойланып жатыр.
Пікірлер