
Қасиетті жұма күні мұнайлы мекенде Атырау қалалық Сұлтан Бейбарыс мешіті салтанатты түрде ашылды. Мұсылман әлемінің ұлық мейрамы – Құрбан айт қарсаңында пайдалануға берілген мешітті жұртшылыққа жергілікті кәсіпкер Ерекешовтер әулеті сыйға тартты.
Жергілікті жұртшылықты құттықтаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров Алла үйінің имандылықтың, руханияттың ордасына айналарына сенім білдіріп, Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораздың сәлемін жеткізді. Артынша жергілікті жұртшылыққа жаңа мешіттің бас имамы Ержан Қағазғалиевты таныстырып, Құран Кәрімді сыйға тартты.
Атырау қаласының Азия беткейінен ашылған Сұлтан Бейбарыс мешіті жанынан мұнара тұрғызылып, күмбездер орнатылатын болады. Қос қабатты ғимараттың сыйымдылығы 1500 адамға шақталған. Ғибадат үйінде Құран оқитын бөлме, ерлер және әйелдер залы, мешіт мамандарының қызметтік бөлмелері бар. Сондай ақ, мешіт ауласынан дәрет алуға мүмкіндік жасалған. Мұнда ерлерге арналған он алты, әйелдерге арналған алты кабина бар.
Пікірлер