
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров қасиетті мереке Құрбан айт мейрамына дайындық мәселесін пысықтап, қала-аудан мешіттерінің бас имамдарымен жиналыс өткізді.
Атырау қаласына қарасты барлық мешіттердің имамдарын жинап тікелей тапсырма берген мұнайлы мекеннің Бас имамы Батыржан Мансұров күллі мұсылман үшін ұлық саналатын мерекені жоғары деңгейде атап өтуді жүктеді. «Мұсылман әлемі кеңістігінің ұлық мерекелерінің бірі саналатын һәм адам баласын мейірімділікке бөлеп, бауырмалдыққа үндейтін Құрбан айт мейрамы тамыздың 21-і күні басталады. Сонау ықылым заманнан бері адамзат өркениетіне өзіндік ізін қалдырған Құрбан айт Алламен арадағы байланысты нығайтуға бастайтын қадам болуымен де ерекшеленеді» деп атап өткен Бас имам айт намазының облысқа қарасты барлық мешіттерде жергілікті уақытпен 7.30-да оқылатынын хабарлады.
Және мұқтаж жандардың тізімін пысықтауды тапсырып, Құрбан айт мерекесі кезінде мешіт маңында санитарлық талаптардың қатаң сақталуы тиіс екендігін ескертті. Сондай ақ, қала және аудан мешіттеріне ұлық мерекені ұлттық нақыштағы көңілді шаралармен әспеттеуді тапсырды.
Айта кетелік, Құрбан айт күні мерекелік шаралар орталық «Иманғали» мешітінде таңғы сағат 8.30-да басталып кетеді.
Пікірлер