
Талдықорған өңірі бойынша өкілдігі ҚМДБ тарапынан қабылданған 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында Алматы облысының Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырмасымен ҚР лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығымен бірлесе отырып 3 күндік семинарын өткізді. Семинар діни экстремизм мен терроризм мәселелерін алдын алуға бағытталған. Семинарды ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша өкілі, «Иман» орталық мешітінің бас имамы Ардақ Нүсіпханұлы ашып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Өкіл имам имамдар біліктілігін арттырудың қоғамдық мән-маңызы зор жұмыс екенін айта келе: «Имамдар – пайғамбарымыздың сүннетін жамағатқа насихаттап, көркем мінез-құлқымен жамағатқа үлгі болып жүрген қадірлі мамандық иелері. Имам болу – жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Сондықтан имамдардың біліктілігін арттыру қашан да заман талабына сай өзекті мәселе», – деді.
Семинар барысында өкіл имам «Дін мен дәстүр» тақырыбында дәріс оқыды. Сонымен қатар, арнайы шақыртылған профессор, доктор-ұстаздармен бірге ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, «Иман» орталық мешітінің наиб имамы Өкен Шынарбек сенім мәселесі, жат ағымдардың таралуына жол бермеу сынды тақырыптарды алға тартты. Аталмыш семинарға барлығы 60 имам қатысты. 3 күндік семинардың қорытындысы бойынша имамдар арнайы сертификаттар табысталды. Алдағы уақытта осындай семинарлар арнайы жоспарға сәйкес өңіріміздің қалған аудан және қалаларында жалғасын табады.
Пікірлер