Бүгін аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог маманы Ринат Кенжеғалиев, аудандық мұсылмандар мешітінің наиб имамы Қуандық Насыров және аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Ахмедияр Батырханов Ұзынкөл ауылдық округінде жергілікті тұрғындармен кездесіп, «Дін және салт-дәстүр» тақырыбында келелі әңгіме өрбітті.
Ауылдағы білім ордасында ауыл әкімі Алтай Бақтығалиев жиынды ашып, ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін таныстырып өтіп, келген қонақтарға сөз кезегін берді.
Жиында теолог маман Ринат Кенжеғалиев жат ағым жетегінде жүргендерді қалай ажырату керектігіне тоқталып, дін мәселелері жөнінде толыққанды да шынайы ақпарат беріп, дін саласына қатысты негізгі білімді және азаматтардың ақпараттылығын қалыптастыру бағытында өз ойымен бөліссе, наиб имам Қуандық Насыров ислам діні туралы соның ішінде садақа беру және салт-дәстүр ұстану жайын айтып өтті. Ахмедияр Қуанұлы сұрапыл даңқты қолбасшы, полковник Бауыржан Момышұлы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, әйгілі ұшқыш Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев туралы тағылымды тәрбие боларлық дәріс оқып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аудан көлемінде атқарылған игілікті істерді тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған ауыл әкімі Алтай Бақтығалиұлы ақпараттық-түсіндіру тобына ауылдастары атынан ризашылық білдірді.
Аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері Ақ оба ауылына барып, Х.Халиуллин атындағы мектепте болып, ауылдың зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Пікірлер