
16 тамыз күні Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ІІІ Республикалық Азаншылар жарысы өтеді. Шара облыстық мешіттің он жылдық мерейтойына арналуда.
Оған ҚМДБ қызметкерлері мен республикаға танымал ұстаздар, сондай-ақ, бұған дейінгі азан жарыстарының жеңімпаздары қатысып, сайысқа төрелік етеді деп күтілуде. Қазіргі таңда Ақтөбе өкілдігі жарысқа қызу дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бәйгенің жалпы жүлде қоры 3 млн. теңгені құрайды.
Бұған дейін Алматы, Шымкент қалалары, ШҚО, Қызылорда, Атырау, тағы бірқатар облыстарда іріктеу сайыстары өтіп, ақтық сында бағын сынайтындар анықталды. Іріктеу кезеңдері өзге өңірлерде де жалғасуда. Бүгін ақтөбелік діни қызметкерлер арасында өткен облыстық іріктеу байқауына 15 адам қатысты. Олардың ішінде, 2 бірдей имам көп ішінен суырылып шығып, топ жарды. Олар – Байғанин аудандық орталық мешітінің наиб имамы Ержан Көрпебаев пен «Қбақ баба» мешітінің Бас имамы Руслан Елемесов.
Естеріңізге сала кетейік, республикалық дода бұған дейін 2 мәрте өткізілген болатын. 2009 жылы Астана қаласында алғаш ұйымдастырылып, 2014 жылы Алматы қаласында жалғасын тапты. Енді алып шаһар Ақтөбеде де өтпек. Барша ақтөбеліктер мен қала қонақтарын осынау айтулы шараны тамашалауға шақырамыз.
Өтетін орны: «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешіті. Уақыты: 16 тамыз 2018 жыл, ж.у. сағат 11.00.
Пікірлер