
Азат ел болып, асыл дініміз ортамызға оралғалы, Алланың кәләм сөздерін тұшына жүрегіне түйген жандар қатары да көбейе түсті. Қазір өңірлерде жас бүлдіршіндер арасында Құран сүрелерін жатқа айтушылар байқауы да жиі ұйымдастырыла бастады. Осындай игі шара Бурабай ауданына қарасты Кенесары ауылындағы мешітте «Иманды ұрпақ — ел болашағы» деген тақырыпта өткізілді. Аты айтып тұрғандай, бұл ауыл жанындағы Хан көлі басында қазақтың ең соңғы ханы Кенесары бабамыз дүниеге келген еді.
Бұл жолғы Құранды жатқа және мәнерлеп оқу байқауының Ақмола облысының барлық өңірінен отыздан аса талапкерлер қатысты. Сонымен бірге, азан әуезді үнмен айтушылар да өзара жарысты.
Әділқазылар әр қатысушының өнерін мұқият зерделеп, үздіктерді анықтады. Сөйтіп, Құранның 30-ыншы парасын жатқа оқушылар арасында бас жүлде Қорғалжын ауданына қарасты Сабынды ауылынан келген Ибраһим Құрманбекұлы бірінші орынды жеңіп алса, Көкшетау қаласыың Жақия қажы мешітінің шәкірті Нұрым Хасенұлы мен Науан хазірет мешітінің атынан қатысқан Әмір Асылбекұлы жүлделі екінші және үшінші орындарға ие болды.
Ал, Құран кәрімді мәнерлеп оқудан Көкшетау қаласындағы «Ықылас» мешітінің шәкірті Әли Қазбекұлы үздік деп танылды.
Әуезді азан сайысы бойынша Целиноград ауданынан келген Асан Әбсаттарұлы бірінші орынды иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлделер табыс етілді. Бір атап өтерлігі, жарысқа қатысқан балалардың ұстаздары да марапатталды.
Жүлделерді тапсыру рәсімін Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит өткізіп, барша үздік шыққандарға толайым табыстар тіледі.
Облыс деңгейіндегі шара ауылды жерде алғаш рет өткізіліп отыр. Тағы бір қуанарлығы, Құран оқу жарысын ұйымдастыруға демеушілік жасауды көкшетаулық кәсіпкер Ербол Жауаров Алла разылығы үшін өз мойнына алды.
Пікірлер