Жақында ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілі Қуаныш Сәбит Науан хазірет орталық мешітінің мәжіліс залында ел ақсақалдары мен журналистер қауымын жинап, жыл басынан бері ақтарылған іс-шаралар жайлы өз есебін берді.
Ауылды жерлерде діни мамандар жетіспеушілігі бар. Қазір бұл мәселені шешудің жолдары қарастырылуда. Діни насихатты жақсарту бағытында да қомақты істер тындырылды. Атап айтсақ, қасиетті Рамазан айы алдында мешіт пен «Зекет» қорының бастамасымен жеті баласы бар жесір анаға 5 миллион теңгенің екі бөлмелі пәтері сатылып алынды. Бұл бастама бүгінде де жалғасын табуда. «Зекет» қорының жауапты өкілі Ерболат Шәріпов өз сөзінде жарты жыл ішінде 7 миллион теңгенің қайырымдылығы көрсетілгенін атап көрсетті. Оның ішінде 2355 отбасыға азық-түліктей, 594 адамға киім-кешектей көмек жасалды. Мешіттің баспасөз хатшысы Бақыт Смағұл ақпарат насихаты жайлы айтып, «Насихат. кз» ақпараттық порталы жұмысына кеңінен тоқталды
Өкіл имам Қуаныш Сәбит ақпараттық насихатқа республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысып жатқанын атап көрсетті.
Жиында сөз алған Балуан Шолақ атындағы облыстық ұлттық спорт мектебінің директоры Марат Қойшин, еңбек ардагері, Жақсы ауданының құрметті азаматы Ғабдысәләм Жоламанов, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев және басқалары өз ойларымен бөлісіп, ұсыныс тілектерін айтты. Мешіттің өткен кезеңдегі жұмысына жақсы баға берді.
Пікірлер