
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілдігіне қарасты барлық қала, кент, аудан, ауыл мешіттерінде 01-25 маусым аралығындағы оқушылардың жазғы демалысы барысында ұйымдастырылған діни сауат ашу курсы өз жұмыстарын ойдағыдай аяқтады. Осы аптаның басында барлық мешіттер шәкірттері арасына әртүрлі ұлттық ойындардан құралған ойын-сауық, мәдени бағдарламалар ұйымдастырып, түрлі қажетті заттар салынған сый-сияпаттар және белсенді шәкірттерге әртүрлі естелік бұйымдар, алғыс хаттар табысталды. Соңында жазғы сауат ашу курсының шәкірттерімен бірге берекелі дастархан басында бірге болып, алдағы уақыттарға арналған келелі кеңестер айтылып, ақ бата, алғыс –тілектер айтылып, жазғы курстар өз жұмысын қорытындылады.
«Осы мерзімде облыс көлемінде 265 ұл және 170 қыз балалар, барлығы 435 оқушы жазғы демалысында мешіттердегі білімді-білікті ұстаздардан діни білім игеріп, тәрбие алды. Оларға «Нұр-Мүбәрәк» университеті мен Павлодар қаласындағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінен келген білімді шәкірттер және мешіт ұстаздары Құран, шариғат негіздері, намаз оқып-үйрену сабақтарынан дәріс беріп, тәрбиелік сағаттар жүргізді. Шәкірттерге арналған арнайы сабақ жоспары құрылып, күнделікті Құран әліппесі, азан үйрету, «дастархан батасы», қысқа сүрелер жаттатылды. Сабақ арасында балаларды жалықтырмау мақсатымен мешіт алаңында футбол ойындары ойнатылып, серуендетіп тұрды»,-дейді облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы Арман Найма.
Пікірлер