
ҚМДБ – ның Павлодар облысы бойынша өкілі Жолдас Қоспақұлы Железин ауданында болып, аудан және ауыл мешіттерінің тұрмыс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты.
Бірінші кезекте бас имам аудан әкімі Канат Шаймарданұлымен кездесу өткізіп, осы өңірдегі діни ахуал тұрақтылығын сақтау шаралары, ҚМДБ төрағасының жаңа бастамалары мен өкілдіктің жоспарлары жөнінде сөз қозғап, ұсыныстар жасады. Сонымен қатар экстремизмнің алдын алу, өңірге білікті кадрларлы тартудың қажеттілігі туралы айтты. Сондай-ақ, облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде «Ислам және отбасы» жылына орай отбасы мәселелері бойынша «Кеңес беру» орталығының қызметі мен мақсатын таныстырып, қоғамға тигізер пайдасын түсіндіріп, ауданда да осындай орталық ашудың маңызын сөз етті. Әкімге имам-молдаларға қолдау көрсету, атқаратын іс-шараларына мүмкіндік туғызып, көмек беріп тұру бағытында өз өтініштерін жеткізді.
Аудан әкімі Қанат Шаймарданұлы да жаңа бастамаларын ала келген өкіл имамға алғыс білдіріп, қызметіне сәттілік тіледі.
Мұндағы мешіттердің тыныс-тіршілігімен танысқан өкіл имам жиналған имам-молдалар және жамағатқа ата-бабамыздан жалғасқан дәстүрлі ислам мен жат ағымдар туралы кең көлемде насихаттар айтты. Насихат барысында өкіл имам аудандағы имамдар мен мешіт қызметшілеріне биылғы жыл «Ислам және отбасы жылы» болып бекітілгенін ескере келе, алдағы уақытта аталмыш жыл аясында атқарылуы тиіс шаралар мен жоспарларын қайта пысықтап, аудан бойынша отбасылық мәселелерді шешуге арналған «Кеңес беру орталығын» ашуды тапсырды.
Бұдан соң жамағатпен бірге бесін намазын оқып, ел амандығы мен тәуелсіздігіміздің баяндылығы, бейбіт өмірдің тұрақтылығы үшін дұға жасады.
Бұдан кейін, ауданға қарасты Ескелді және Озерный ауылдарындағы құлшылық мекендерін аралап, мешіт тазалығына зер салып, жамағатпен жүздесіп, имам-молдалардың қатысуымен өткен жиында Бас мүфтидің бастамаларын тілге тиек етіп, мақсатын ашықтап түсіндірді. Адам өзгеге өнеге болу үшін, өзгеруді өзінен бастау керектігін жеткізіп, ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораздың «Өзгеруді өзіңнен баста» үндеуі арқылы қоғамдағы үлгілі тұлға эталонына айналуға шақырды. Жиын соныңда, аудан көлемінде атқарылуы тиіс жоспарлы шараларды пысықтап, жүйелі түрде жүзеге асырылуын аудан имамы Құсайынов Төлегенге ерекше ескертті.
Ауыл ақсақалдары да бас имамға игі бастамаларын қолдайтындықтарын жеткізіп, ризашылықтарын білдірді және де абыройлы қызметіне сәттілек тілеп, ақ баталарын берді.
Пікірлер