Хамзат ӘДІЛБЕКОВ: Бауырмашылдықтың бұзылу себептері

Мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына сұқтанбайды. Бұл иләһи қағида, исламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі

Бұл тақырыптар мінберлерде, діни отырыстарда талай қозғалғанымен соны амалға асыру, бірінші болып соған қадам басу бізден байқалмауда. Себеп не? Онсыз да қарасы санаулы мұсылман қоғамы тоз-тоз болып кетті.

Құран бір, Пайғамбар (ﷺ) сүннеті бір емес пе? Осыншама  алшақтық қайдан пайда болды?. Бұған кімдер итермелейді?. Әлде бұл діни сауатсыздық па? Аттөбеліндей мұсылман жамағатының арасында діннің кейбір тармақшаларына қатысты мәселелерде даудамайлар, өзара келіспеушіліктер толастаған емес...

Исламдағы бауырмашылдық сезім Алла Тағаланың ықыласты, тақуа мұсылман құлдарының бойына дарытатын қасиет. Алла Тағала Құран кәрімде: 

وَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ  لَوْ أَنفَقْتَ مَا فِي الْأَرْضِ جَمِيعًا مَّا أَلَّفْتَ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ وَلَـٰكِنَّ اللَّهَ أَلَّفَ بَيْنَهُمْ  إِنَّهُ عَزِيزٌ حَكِيمٌ 

"Және Ол мүміндердің жүректерін қосты. Егер сен, жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарып қылсаң да олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ Алла, олардың араларын біріктірді. Расында Ол, өте үстем, аса дана".[1]

Шынайы мұсылман қоғамын мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес. Мұндай сезімдегі бауырлар ағаштың бұтақтары іспеттес саны көбейген сайын қуаттала түседі. Бұтағы көп мықты ағашқа қатты жел әсер ете алмағандай ауызбіршілігі, бауырмашылдығы мығым елге ешқандай қара пиғылды күштер әсер ете алмайды. Әлбетте бұл ағаштың қажетті жеміс беруі имандылыққа тікелей байланысты, Алла тағала Құран Кәрімде:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ 

Шын мәнінде мүміндер бауыр.[2]

Алла тағаланың адам баласына берген бұл  ұлы нығметі  иманнан кейінгі қасиетті ұғым. Алла Тағала Құран кәрімде:

إِذْ كُنتُمْ أَعْدَاء فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُم بِنِعْمَتِهِ إِخْوَاناً 

 (Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды)[3]

Пайғамбарымыз (ﷺ) Меккеден Мәдина қаласына һижрет жасаған кезде ең алғашқы, әрі ең маңызды амалдарының бірі - Мәдина мұсылмандарын татуластыруы, бір-біріне бауыр қылуы. Пайғамбарымыздың (ﷺ) бұл әрекетінен мұсыламан арасындағы бауырмашылдықтың мұсылман мемлекетінің іргесінің мығым болуына негізгі шарт екенін көруге болады. Сонда ғана бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ынтымағы жарасқан қоғамның пайда болуына апарады. Нұғман ибн Башир (р.а) риуаятында Пайғамбарымыз (ﷺ):

مَثَلُ الْمًؤْمِنِينَ فِي تَوَادّهِمْ  وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى

«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады»,[4] - деген.

Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау болатыны сияқты қоғамның мүшесі саналатын адамдар да, бауырмашылдықта болса, өркендеп гүлденеді.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعاً وَلاَ تَفَرَّقُواْ وَاذْكُرُواْ نِعْمَتَ اللّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنتُمْ أَعْدَاء فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُم بِنِعْمَتِهِ إِخْوَاناً  

(Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды)[5] 

Басқа бір аятта:

وَأَطِيعُواْ اللّهَ وَرَسُولَهُ وَلاَ تَنَازَعُواْ فَتَفْشَلُواْ وَتَذْهَبَ رِيحُكُمْ وَاصْبِرُواْ إِنَّ اللّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ 

"Аллаға әлі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейленесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында Алла, сабырлылармен бірге".[6] 

Алла Тағала бұл аятта мұсылмандар арасындағы жанжалдың оларды құрдымға апаратынын меңзеуде. Бұл аятқа орай Имам әр-Рази: «жанжалдасудың зардабы ол мұсылмандардың әлсіздігіне себеп болады»,[7] - деген.

Басқа бір аятта Алла Тағала:

شَرَعَ لَكُم مِّنَ الدِّينِ مَا وَصَّى بِهِ نُوحاً وَالَّذِي أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ وَمَا وَصَّيْنَا بِهِ إِبْرَاهِيمَ وَمُوسَى وَعِيسَى أَنْ أَقِيمُوا الدِّينَ وَلَا تَتَفَرَّقُوا فِيهِ 

(Мұхаммед Ғ.С.) Алла Нұх (Ғ.С.) қа нұсқау берген нәрселерді және саған уахи еткенімізді сондай-ақ Ыбырайым, Мұса және Ғиса (Ғ.С.) ға нұсқау берген нәрселерімізді сендерге діни жол қылды: Дінді мықты орындаңдар да, дінде бөлінбеңдер.)[8] 

Бұл аяттың тәпсірі жайында атақты муфасир[9] ғалым әл-Бағауи: «барлық пайғамбарлар (Алланың оларға сәлемі болсын) Алланың дінін орнату үшін, қоғам арасында бейбітшілік таратып, алауыздықты жою үшін жіберілді»[10] деген.

Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадистерінде Құран аяттарын қуаттайтын, бірлікті, ынтымақты үндейтін бөлінуге, ажырауға тыйым салатын көптеген хадистер бар:

إِنَّ اللهَ يَرْضَى لَكُمْ ثَلَاثًا وَيَكْرَهُ لَكُمْ ثَلَاثًا فَيَرْضَى لَكُمْ: أَنْ تَعْبُدُوهُ، وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا، وَأَنْ تَعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا، وَيَكْرَهُ لَكُمْ: قِيلَ وَقَالَ، وَكَثْرَةُ السُّؤَالِ، وَإِضَاعَةُ الْمَالِ 

Шын мәнінде Алла үш нәрсе үшін сендерге риза болады және үш нәрсені жек көреді. Алланың риза болатыны: Аллаға құлшылық қылу, Оған серік қоспау, Алланың дініне жармасып бөлінбеу. Алланың жек көретіні: өсек тарату, орынсыз көп сұрақ қою, малды ысырап ету.[11]

Бұл хадис жайында Имам ән-Науауи: «бөлінбеңдер» деген әмір мұсылман арасындағы ауызбіршілікті меңзейді», деген. Бұл исламның бұлжымас қағидаларынан.[12]  

Басқа бір хадисте:  «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде шайтан жалғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жәннәттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын»,[13] - деген.

Ғалымдар арасында «жамағат» сөзінің кімдерге қатысты айтылатыны жайында бірнеше пікірлер бар:

Бірінші: жамағат дегеніміз - мұсылмандардың негізгі басым бөлігі... Бұл анықтама аясына үмметтің мужтаһидтері, ғалымдары, шариғатпен амал жасайтын оларға ерушілері кіреді. Егер осы басым бөліктен кім бөлініп шығатын болса, шайтанның жауынгерлерінен болғаны және олар негізгі топтан бөлінгені үшін, бидғат иесі деген атаққа ие болады. Бұл Абу Масғуд әл-Ансари, Ибн Масғуд, әл-Хусейн ибн Әлидің ұстанымы.[14]

Екінші: жамағат дегеніміз мужтаһид ғалымдарға айтылады. Кім үммет ғалымдарының айтқанына қарсы шығатын болса, жәһилият (надандық) өлімімен өледі. Өйткені, Алла Тағала үммет ғалымдарын әлемге хужжат (дәлел) етті. Пайғамбарымыздың (ﷺ)  «үмметім адасушылықта бірікпейді»,[15] - деген хадисінде келгендей, үммет ғалымдарының бір мәселеде адасушылықта келіспейтінін жеткізген. Бұл ұстанымда Абдулла ибн Мубарәк, Исхақ ибн Рахауия болған.[16]

Үшінші: жамағат деп ислам дінінің негізін қалаған пайғамбарымыздан (ﷺ) кейінгі сахабаларға айтылады. Өйткені олар ешуақытта адасушылықта жиналмаған. Бұл ұстанымда Омар ибн Абдул Әзиз болған.[17]

Төртінші:  бір басшының қарамағындағы мұсылман қауымы.[18]

Бауырмашылдықтың шарттары:

 

1. Шынайы Алла разылығы үшін болу.

Егер бір мұсылманды жақсы көргенде Алланың разылығы емес, адамның биік мансабы, абыройы, байлығы себеп болса, ол Алла қалаған бауырмашылдыққа жатпайды.

2. Бауырмашылдық имани жолда, тақуалықта байланысу. Бауырмашылдықтың шарттарының бірі имани жолда байланысуы, азғындық жолда болмауы. 

3. Бауырмашылдық ислам шеңберде болу.

Ислам шеңберіне керағар әрекетте байланыспау, Аллаға серік қосудан, исламнан шығаратын амалдардан алыс болу. Егер бауырлар арасында күнә жолға түсіп, ауытқығандар кездессе, оған насихат айтылу керек. Насихат пайда бермеген жағдайда күнә амалдарда ортақ болмас үшін онымен байланысын үзеді. 

4. Өзара кешірімділікте болу.

Мұсылман екінші мұсылманмен жанжалдаспайды, кешірімге бейім тұрады. Егер мұсылман  бауырлар арасында қателік орын алса, оны кешіреді.

5. Қиыншылық пен кеңшілікте ортақтасу.

Шынайы мұсылман бауырдың сипаты әр кез бауырына көмек көрсетуде алдыңғы қатарда тұрады.

Алла тағала бір-бірін шынайы жақсы көрген бауырларға есепсіз сауаптар жазады. Оның қайтарымы бұл өмірде де ақыретте де болады.

Бауырмашылдықтың жемістері:

 

1. Алла Тағаланың махаббаты. Құдси хадисте: «Кімде-кім менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көрсе, мәжілістес (бір отырыста болу) болса, бір-біріне зиярат жасаса, бір-біріне жәрдемдессе менің махаббатым оған нәсіп болады», -делінген.[19]

2. Алланың құрметіне ие болады. Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадисінде: «Кімде-кім біреуді Алланың разылығы үшін жақсы көрсе, дәрежесін көтереді», - деген.[20]

3. Алланың аршысының көлеңкесінде болады. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз (ﷺ) айтты: «Алла Тағала қиямет күні айтады: «Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендерге бүгін ешкімге көлеңке нәсіп етпеген күні оларға көлеңке нәсіп болады»[21].

4. Иман ләззәтін сезінеді. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз (ﷺ) айтты: «Кім егер иманның ләззәтін сезінуді қаласа, Алла разылығы үшін бір адамды жақсы көрсін.[22]

5. Иман кемелдігі. Әби Умамадан (р.а.) жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз (ﷺ) айтты: «Кімде-кім Алла разылығы үшін жақсы көрсе, жек көрсе, садақа берсе, бас тартса, иманының кәмілдігінің белгісі»[23].

6. Жәннәтқа кіреді. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) айтты: «Иман келтірмейінше жәннәтқа кірмейсіндер және бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше толық иман келтірмейсіңдер,  бір-бірлеріңді жақсы көруге апарар жолды көрсетейін бе? Араларыңда сәлем жайыңдар»[24].

Мұсылмандардың дамуына тежеу болып отырған бірнеше факторлар бар, егер олардың түйіні шешілсе, дүниеде нағыз ауызбіршілік, сүйіспеншілік орнар еді.

Мұсылмандардың бірлігіне кедергі болатын жайттар:

 

1. Қате ақида. Мұсылманның бұл фәни дүние мен о дүниедегі жағдайы оның ұстанған ақидасына байланысты. Аллаға деген сенім  дұрыс болса, пенденің жүрегінде тыныштық орнап, жүрегі жай табады. Ал ақидасы қате болса, тура жолдан ауытқығаны, оның Алла разылығы үшін жасап жатқан амалдарынан еш пайда болмағаны. Сол себепті, сенім ілімі ең маңызды ілімдердің қатарында. Ондай ауытқулар байқалған жағдайда міндетті түрде сенімді негіздерге сүйене отырып, жөнделуі тиіс. Сенім дұрыс қалыптаспаған адамдардың жүрегінде күмән болғандықтан әр кез мұсылмандардың арасында осы дертін жаюға тырысады. Ақидадағы қате түсінік қазіргі уақытта еліміздегі мұсылмандар арасын бөлудегі негізгі себептерден болып отыр. Аллаға тән сипаттарды олар тікелей түсініп, Құранның ауыспалы астарлы мағыналарын қолдануға қарсы. Олардың сенімі бойынша Алла мүшелерден тұрады, оның екі қолы, көзі, беті, аяғы бар, ол аспанда тақта отыр, сол сияқты, т.б адасулар. Мұндай сенімнен әлбетте бас тарту керек. Осы орайда олар басқа мұсылмандардың ақидасын қатеге шығарып, мұсылмандардың бірлігіне, бауырмашылдығына жік салуда.

2. Мазһабсыздық. Ислами білім азайған уақытта дінге кірген мұсылмандардың бір ғалымның артынан еріп, оның айтқанына жүгінуі міндетті амалдардан. Исламның алғашқы дәуірлерінен бастап, ислам мазһабтары мұсылман арасындағы бірліктің, ынтымақтың негізгі факторы ретінде қаралған. Өйткені, әр адам өз бетінше шариғатты түсінуге тырысса, уақыт өте мұсылман қоғамында бір-біріне қарсы, бір-біріне бағынбайтын бірнеше топтардың пайда болуына апарады. Бұл өз кезегінде мұсылмандар арасындағы алауыздықтың алғашқы қадамы.

3. Басшыға бағынбау. Басшыға бағынбау бауырмашылдыққа кедергі болатын негізгі себептердің бірі. Қазіргі замандағы мұсылман мемлекеттеріндегі нәубеттердің ең негізгі себебі – басшыға бағынбау. Алла Тағала Құран Кәрімде:  

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَطِيعُواْ اللّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَأُوْلِي الأَمْرِ مِنكُمْ فَإِن تَنَازَعْتُمْ فِي شَيْءٍ فَرُدُّوهُ إِلَى اللّهِ وَالرَّسُولِ إِن كُنتُمْ تُؤْمِنُونَ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ ذَلِكَ خَيْرٌ وَأَحْسَنُ تَأْوِيلاً 

Әй мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаға, пайғамбарға ұсыныңдар: Егер сендер Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы, қайырлы да нәтижеде жақсы.[25]  

Мұның айқын көрінісі ретінде мешітке келуші кейбір жат ағым өкілдерінің заңды түрде мемлекет тарапынан бекітілген имамдарға бағынбауын, оларға мұсылмандарды қарсы қоюын мысалға келтіруге болады.

4. Діндегі парыз амалдардан сүннет амалдарды үстем қылу. Кейбір жат ағым өкілдері дінге жаңа бет бұрған мұсылмандарға кейбір парыз емес, абзал болған амалдарды (сақал өсіру, мисуак қолдану, балақ қысқарту) міндеттеп, діннің негізі ретінде көрсетеді. Дінге енді бет бұрған ол діннің негізі осы екен деп ол амалдарды жасамаған мұсылмандардың әрекетін жат көреді, оларды пасыққа шығарады. Осылайша, мұсылман қоғамын жік-жікке бөліп, бөлінуіне апарады. Сөйтіп, қарапайым халықтың алдында пайғамбарымыздың (ﷺ) абзал болған сүннеті тұрпайы көрінуде.

5. Әл-уәләә уәл-бараа немесе Алла разылығы үшін жақсы көру, Алла разылығы үшін жек көру мәселесіндегі қате ұстаным.

Әл-уәләә – Алла Тағаланы және оның пайғамбарын, мұсылмандарды жақсы көру.

Әл-Бараа - Алла Тағалаға, оның пайғамбарына, мұсылмандарға қарсы шыққан кәпірлерді, мүшріктерді, екіжүзділерді, пасықтарды жек көру.

Бұл дегеніміз Алланың әмірлерін, пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннеттерін бұлжытпай орындайтын мүміндерді жақсы көру оларға жәрдемдесу. Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنْكَرِ وَيُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَيُطِيعُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ ۚ أُولَٰئِكَ سَيَرْحَمُهُمُ اللَّهُ ۗ إِنَّ اللَّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ

Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер, бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бой ұсынады. Соларды Алла, мәрхаметіне бөлейді. Расында Алла тым үстем, аса дана.[26]

Егер мұсылман емес басқа дін өкілі болатын болса, ол сен үшін мұсылман бауырыңнан төмен болғанымен, онымен қарым-қатынаста шектен шығып астамшылдық жасауға болмайды. Тарих куә Пайғамбарымыздың (ﷺ) кезінде де одан кейінгі алтын ғасырларда мұсылмандар мен басқа дін өкілдері тату-тәтті бейбітшілікте өмір сүріп келген. Оларды діндері үшін қудалау, байлықтарына қол сұғу кездеспеген. Мұның айқын көрінісі ретінде жүзден астам ұлттың Отанына айналған елімізді мысалға келтіруге болады.

Мұсылманды басқа қауымдардан жақын көру шынайы мұсылманның сипаттарынан

 

Кімде-кім басқа қауымды өзінің мұсылман бауырынан қарағанда жақынырақ тартса, бұл оның иманының әлсіздігі. Алла Тағала Құран Кәрімде:

إِنَّمَا وَلِيُّكُمُ اللَّهُ وَرَسُولُهُ وَالَّذِينَ آمَنُوا الَّذِينَ يُقِيمُونَ الصَّلَاةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَهُمْ رَاكِعُونَ

Шынайы түрде сендердің достарың Алла және Елшісі және де намазды толық орындайтын, зекет беретін әрі рүкуғ қылушы мүміндер. [27]

Иманның кәміл болуының бірден бір жолы - біреуді Алла разылығы үшін жек көріп, Алла разылығы үшін жаксы көру. Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадисінде келгендей:

مَنْ أَحَبَّ لِلهِ وَأَبْغَضَ لِلهِ ، وَأَعْطَى لِلهِ وَمَنَعَ لِلهِ ، فَقَدْ اِسْتَكْمَلَ الِإيمَانُ

«Кім Алла разылығы үшін жақсы көрсе, жек көрсе және кім Алла разылығы үшін берсе, тыйым салса, иманы толық болады», - деген.[28]

Мұсылмандар арасына жік салуды мақсат ететін кейбір жат ағым өкілдері осы ұстанымды негізге ала отырып, Аллаға құлшылық жасап, бес парызын орындап жүрген, алайда олардың ұстанымымен санаспайтын мұсылмандарды шектеп, Алла разылығы үшін жек көру керектігін алға тартады. Бұл ұстанымды қолдайтын жат ағым өкілдері өзге мұсылман топтармен байланыспай исламдағы бауырмашылдыққа балта шабуда. Олар үшін бірінші болып амандасуға, қандай бір қиын жағдайда көмек қолын ұсыну, рұқсат етілмейді. Осы жолға шақырып жүрген кейбір уағызшылар өздерінен бөлек бағыттағы мұсылмандармен үзілді-кесіл қыз алысып, қыз берісуге де қарсы. Мүшрік, кәпірлерге қатысты түскен аяттарды өздеріне қарсы бағыттағы мұсылмандарға қолдануда. Бұл надандықтың, білімсіздіктің белгісі.

Жоғарыдағы аталған себептер ислам үмметін жегідей жеп, іштей құлдыратуда. Құран аяттарында, пайғамбар (ﷺ) хадистерінде келген тікелей әмірге қарсы келуде. Мұсылман үмметінің осындай кедергілерді ысырып, нәпсінің айдағанына ермей, таза ақыл-ойға жүгініп, пікір қылатын кез келді. Алла Тағала еліміздегі мұсылмандар арасын бөлетін амалдардан сақтасын!

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,
СҚО «Қызылжар» орталық мешітің ұстаз

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін