Тілдік нұсқа
Радио

ЫРЫМҒА СЕНУГЕ БОЛА МА?
01 қаңтар, 1970 жыл 0 Басып шығару нұсқасы

 

Ырым – адам баласының естіген, айтқан, көрген нәрселерін жақсылыққа не жамандыққа жорамалдауы.


Халық арасында кездесетін ырымдарды жақсы немесе жаман ырым деп бөліп қарастыруға болады.


1. Жаман ырым. Мысалы, қара мысықтың жолдың кескенін жолы болмауға балау т.б. Бұл шариғатымызда қате болып есептеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):


لا عَدْوَى وَلا طِيَرَةَ وَيُعْجِبُنِي الْفَأْلُ قَالُوا وَمَا الْفَأْلُ قَالَ كَلِمَةٌ طَيِّبَةٌ


«Індет, (яғни арабтар сау адамның арасында ауру жүрсе індеті өздігінен жұғып кетеді деген сенімі) жаман ырым исламда жоқ. Бірақ маған «әл-фәл» ұнайды. Сонда олар: «әл-фәл дегеніміз не? деп сұрағанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «жақсы сөз»деп жауап берді»[1].


Муаммар Исмайыл ибн Умаядан: «Үш нәрседен адам баласы құтыла алмайды: жаман ырым, жаман ой, күншілдік», – деген хабарды келтіріп, жаман ойдан оны сөйлеп жүзеге асырмау арқылы, күншілдіктен бауырыңа жамандық тілемеумен, жаман ырымнан оны істемеу арқылы құтыласың дейді[2].


Әл-Мәнәуи: «Жаман ырымнан – өзінің негізгі мақсат еткенінен (жолын қара мысық кесіп өтсе де арқа) қайтпай, ниет еткен жеріне бағытталып бір Раббысына тәуекел етуімен құтылады»[3], – деген. 


2. Жақсы ырым немесе жақсы сөз. Мысалы, ауырып жатқан адамға ырымдап «Уа, Сәлим! (дені сау адам)» деп айту. Мұны естіген науқастың жүрегінде ауруынан айығуға деген үміт оянады[4].


Көңілге жағымды нәрселерді жақсылыққа жору, қандайда бір жақсы сөздер айтылып немесе естісе жақсылыққа ырымдауға дінімізде рұқсат етілген. Жақсы сөздер сөйлеп, жақсы ойлау мұсылман сипатынан.


Бұны жоғарыдағы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған «әл-фәл» ұнайды» деген хадисі құптайды. Ибн Хажар имам әл-Хуләймидің мына сөзін келтіреді: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «әл-фәлді» ұнатуына келсек, өйткені жаман ырым ол ешбір нақты себепсіз Аллаға деген жаман ойда болуды білдірсе, жақсы ырым жақсы ойда болуды аңғартады. Ал мұсылман қай жағдайда болса да Аллаға жақсы ойда болуға әмір етілген»[5].


Тағы бір хадистеАлла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):


وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ


«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін»[6],– деген.


Қазақ халқы осындай жақсы ырымдар арқылы кейінгі ұрпақты әдептілікке, жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелеп отырған. Мұндай жақсы ырымдар шариғатқа теріс емес.


Қорыта келгенде кез келген бір нәрсені жақсылыққа ырымдап, жақсы сөз сөйлеу шариғатымызда рұқсат етілген. Ал жаман ырымдарға тыйым салынады.

 

 

 

Диас Тұрсынбекұлы

Ақмола облысы бойынша пәтуаға жауапты маман

 



[1] Бұхари, №5776. Муслим, №2224.

[2] Ибн Баттал, шарху сахих Бухари, №1102. 9/261.

[3] Фәйду әл-қадир, 3/402, 4/595.

[4] Нәуауи, Шарху Муслим, 14/220.

[5] Фәтху әл-бәри, 11/376. Әл-Хуләйми, әл-мәнһәжу фи шұғби әл-иман, 2/25.

[6] Бұхари, №6019.


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары