БӨЛІП ТӨЛЕУ АРҚЫЛЫ ҮЛКЕН ЖӘНЕ КІШІ ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРУ ҮКІМІ

 

بسم الله الرحمن الرحيم

الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمد و آله و أصحابه أجمعين

 

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

 

Қажылық – ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған, қаражаты жеткілікті, қажылық амалдарын атқаруға денсаулығы жарайтын, азат мұсылманға өмірінде бір рет орындауы парыз. Қаражаты жеткіліксіз адам қажылыққа бармағаны үшін күнахар болмайды.

Ал қарыз алып қажылыққа бару мәселесіне келсек, Мәлики мәзһабы бойынша қарызды өтеуге көзі жетпесе, қажылықты орындау үшін қарыз алуы мәкруһ немесе харам болады. Ханафи мәзһабында қарызды алмағаны абзал. Ал қарызын өтеуге мүмкіндігі болса онда Мәлики, Шафиғи мәзһабында қарыз алуға міндетті. Ол Ханафи мәзһабында абзал саналады. Ханбали мәзһабында қажылыққа қарыз алып баруға мүмкіндігі болып тұрса да оған міндетті емес. Бірақ ол өзіне немесе өзгеге зиян келтіріп қоймайтынына көзі жетсе, қарыз алғаны мұстахаб болады[1].

Осыған орай, бөліп төлеу арқылы қажылықты орындауға рұқсат етіледі. Бірақ, қарызды өтейтін басқа да кіріс көздері болуы шарт.

Егер жол қаражаты жеткіліксіз болса, әрі қарызын өтейтін басқа кірістері болмаса, онда қажылық құлшылықтарын орындау үшін қарыз алуы дұрыс емес. Тіпті қарызы бар адамға қажылыққа бару міндеттелмейтінін ескерген жөн. Өйткені Алла Тағала пендеге шамасы келетін нәрсені ғана жүктейді. Алла Тағала Құранда:

لا يكلف الله نفسًا إلا وسعها

«Алла ешбір жанға шамасы жетпейтін нәрсені жүктемейді»[2] деген.

Келесі аятта:

وَ لِلَّه عَلَى الناس حَجُّ الْبَيْت مَن اسْتَطَاعَ إَلَيْه سَبيلً

«Үйге (Қағбаға) қажылық жасау Алланың адамдарға шамасы жететіндерге жүктеген міндеті»[3] делінген.

Ұмра (кіші қажылық) – күші жететін мұсылман үшін өмірінде бір рет жасау муәккада (бекітілген) сүннет. Бұл Ханафи және Малики мәзһабының көзқарасы. Ал Шафиғи мен Ханбали мәзһабы бойынша ұмра жасау – уәжіб.

Бөліп төлеу арқылы ұмраға бару мәселесі де жоғарыда айтылғандай қажылық үкімімен бірдей.

 

ҮКІМ:

Өзіне және отбасына ауыртпашылық түспесе және қарызды өтеуге мүмкіндігі болса, қажылық пен ұмра қаражатын бөліп төлеу арқылы баруға рұқсат.

– Бөліп төлеудің құнын нарықтағы бағасынан асырмай және үшінші тарап қосылмай қажылық компания тікелей қолға алғаны жөн.

– Қажылық пен ұмраға лоторея ойнату арқылы баруға болмайды.



[1] Мәусуғату әл-фиқһияти әл-кууәйти, 3/263.

[2] «Бақара» сүресі, 286-аят.

[3] «Әли-Имран» сүресі, 97-аят.


© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін