Рамазан айына 10 кеңес

 

Әлемде коронавирус індетінің өршуіне байланысты бірқатар елдердегі мешіттерде жұма және басқа да намаздарды оқу уақытша тоқтатылды. Осы орайда Рамазан айын тиімді пайдаланып, сауаппен өткізуге он өсиет.

 

1. Рамазан айының әр минутын бекершіліктен сақтана отырып, ғибадатпен өткізу. Кім уақытын тиімді пайдаланса сауап алумен жеңіске жетеді.

2. Құранды өзіңе дос тұтып, оны оқудан жалықпа. Үй ішіңді де соған дағдыландыр. Өйткені Рамазан Құран айы.

3. Бес уақыт намазды өз уақытында оқы. Жанұяңа имамдық ет. Ер балалар сіздің артыңызда екінші сапта, әйеліңіз, қыздарыңыз үшінші қатарда тұрсын. Осылайша жамағат намазының сауабын аласыз.

4. Таң намазын оқып болған соң, намаз оқитын жерде күн шыққанға дейін Алланы зікір етіп отыр. Күн найза бойы көтерілген соң екі рәкағат намаз оқы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі айтқандай): «Кімде-кім таң намазын оқып болып, орнында қалып, күн шыққанша Алланы еске алса, ал күн шыққан соң екі рәкағат намаз оқыса, ол толықтай кіші және үлкен қажылық өтегендей сауап алады»,-деген (Тирмизи).

5. Тарауих намазын үйде жанұяңызбен бірге жамағат болып оқып, артынан Аллаға дұға етіңіз. Артыңыздағы жанұяңыз сіздің дұғаңызға амин деп отырсын.

6. Ауызашар, сәресінде жанұяңызбен жиналып, бірге тамақтаныңыздар. Өйткені тамақты бірге отырып жеу Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі айтқандай) сүннеті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі айтқандай): «Жиналып, бәрің бірге отырып тамақтаныңдар, тамақтанудан алдын Алланы еске алып, «бисмилла» деп айтыңдар, сонда тамақ сендерге жұғымды әрі берекелі болады»,-деген (Әбу Дәуд).

7. Әр күні ораза ұстаушының аузын аштыр. Бұл берекелі айда жағдайы жоқ адамдарды да естен шығарма. Хадисте: «Кімде-кім аузы берік адамға ауыз аштырса, ораза ұстаушының сауабындай сауап алады. Бұдан ауыз бекітушінің сауабы бір мысқал да кемімейді»,- делінген. (Ибн Мәжа).

8. Ораза уақытында Алланы көп зікір ете отырып, дұғада бол. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі айтқандай) хадисінде хабар бергендей үш адамның дұғасы кері қайтарылмайды: «Ораза ұстаушының ауыз ашар алдындағы дұғасы, әділ басшының дұғасы, мазлум болғанның дұғасы», - деген. (Имам Ахмад).

9. Мұсылман бауырым мешіттер жабық деп еш қайғырма. Жамағат намазы үшін мешіт есігі жабылғанмен, сауап пен ізгілік есіктері ешқашан жабылмайды. Үйде орындаған құлшылықтарыңыз үшін Алланың қалауымен сауабын толық аласыз. «Алланың елшісі бір хадисінде қуанышты хабар беріп, былай дейді: «Пенде ауырса немесе сапарға шықса, Алла Тағала оған дені сау, тұрғылықты кезіндегі жасаған ең жақсы амалының сауабындай сауап жазады»,- деген (Имам Бұхари).

10. Төтенше жағдайда ескертулерге құлақ асып, індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерге бармай, үйде құлшылық жасағанымыз да діннен, сондай-ақ қалыпты жағдайда мешіттерімізді жамағатпен де гүлдендіру де діннен.

 

Жаратқан Алла халқымызға амандық берсін, науқас жандардың тезірек айығып кетуін және мешіттерімізге қайта қауышуды нәсіп етсін. Рамазан айы баршамызға құтты болсын. Берекелі айда сауап жинап, рухани кемелденуімізді нәсіп етсін. Әмин!

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін