Тілдік нұсқа
Радио

Фото

«Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді. Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді»
15 сәуір, 2019 жыл 134 Басып шығару нұсқасы

Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінде ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағына қатысты ауқымды іс атқарылды. Бас имам Қабылбек Әліпбайұлы өкіл имам Өмірзақ қажы Қазкенұлының көгалдандыруға қатысты жүктеген міндеттемесін жан-жақты дамытып көктемгі сенбілік ұйымдастырды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қағидаға сай мешіт имамдары, діни сауат ашу курсының шәкірттері, жастар бөлімі мен жамағаттар атсалысқан іс-шарада мешіт ауласына күрделі тазалық жұмыстары жүргізілді. Ағаштар ақталып, қоқыстар тазартылды. Әрбір отбасы өз жанұясы атынан «Атадан балаға тал қалсын» деген дәстүрді дамытып қайың, қарағай, шие көшеттерін отырғызды. Ұрпақ тәрбиесін басты назарға алған жамағаттар балаларына еңбекқорлықты іс жүзінде көрсетті. Себебі ардақты Алла елшісі де (с.ғ.с.) тек айтып қана қоймай, іс жүзінде де дәлелдей білген еді. Оған тарихтан мысал ретінде айтар болсақ, Алла елшісі (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде Мәдинаның батпағын кетіру үшін айналдыра ағаш еккізген екен. Осы секілді ағаш батпақты кетіріп қана қоймай, ауаны да тазартады, оның саясында демалған адам кең тыныс алып, жаны жай табады. Хадисте: «Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады», – делінген. Сонымен қатар, тал егудің сауабы жалғасып тұратын садақаның бірі екендігі де айтылған. Хадисте: «Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан құс, адам яки жануар жейтін болса, ол адам үшін садақа болып есептеледі» дейді. Осыны ұғындыра білген имамдарды қолдап сауабы мол істе ұйымшылдық танытқан халыққа мешіт ауласында арнайы дәм берілді. Әлбетте табиғатты аялап, қоршаған ортаны таза ұстау – адам баласына жүктелген міндет. Себебі, Ислам – тазалыққа шақыратын дін. Табиғатты аялау, оған көңіл бөлу, таза ұстау, зиян келтірмеу, аманатқа қиянат жасамау әрбіріміздің міндетіміз.

 

Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары