Тілдік нұсқа
Радио

Фото

«ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН» МЕШІТІНДЕ БІР ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП ТЫҢДАЛДЫ
25 маусым, 2021 жыл 772 Басып шығару нұсқасы

23 маусым күні Теміртау қаласының «Әлихан Бөкейхан» атындағы орталық мешітінде қала бас имамы Естай Айтуғанұлының басшылығымен бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру іс-шарасы өтті.
 
​Алқалы кездесуге ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы, Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Құмар Қоныскерей, Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің бас имамы Жанболат Жұматұрұлы, Теміртау қаласы әкімшілігінің мамандары, ақсақалдар алқасының мүшелері, жомарт азаматтар, мешіт жамағаты және жергілікті тұрғындар қатысты.
 
​«Бас имамның бір жылы» атты іс-шара шымылдығын Теміртау қаласының «Әлихан Бөкейхан» атындағы орталық мешітінің наиб имамы Асхат Нұртайұлы қасиетті Құран аяттарымен ашты.
 
Осыдан кейін бір жыл бұрын Теміртау шаһарының бас имамы болып тағайындалған Естай Айтуғанұлы жиналған қауымға бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді.
 
Атап айтқанда, Естай Айтуғанұлы жергілікті мешіттердің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген бағыттар аясында, соның ішінде уағыз-насихат, қайырымдылық іс-шаралары, оқу-ағарту, діни оңалту және жат ағыммен жұмыс сынды өзге де мәселелер шеңберінде атқарылған жұмыстары және алдағы жоспарлары жайлы айтып өтті.
 
Құлшылық үйлерінің әлеуметтік тұрғыдағы қызметтеріне ерекше мән берілді.
Бір жыл ішінде 1200-ден астам отбасыға түрлі көмек (азық-түлік, киім-кешек, көмір және т.б.) көрсетілгені баяндалды.
«Ел үлесі пәтерге» халықтың жобасы аясында жергілікті көпбалалы 2 отбасыға пәтер кілттері табысталғаны айтылды.
 
Бұдан бөлек, Естай Айтуғанұлы бұл қызметке тағайындалған уақытынан бастап, қала мешіттерінің бірқатары күрделі жөндеуден өткендігін тілге тиек етті. Әсіресе, «Әлихан Бөкейхан» атындағы орталық мешітіндегі бірқатар жөндеу жұмыстары жайлы айтылды.
 
Есепті тыңдап болған соң Қарағанды өңірінің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы Естай Айтуғанұлының бір жылдық жетістіктеріне оң бағасын беріп, алдағы уақытта да жемісті еңбек тіледі. Сонымен бірге, жергілікті мешіттердің құрылысына, олардағы жөндеу жұмыстарына атсалысқан жомарт азаматтарға және мешіт жамағатына алғыс хат беріп, бағалы сыйлықтар табыс етті.
 
Өз кезегінде Теміртау қаласы ақсақалдар алқасының төрағасы Шынуар Серікбайұлы «Теміртау мешіттеріндегі игі істің әрдайым қолдаушысы болып жүргеніңіз үшін», дей келе облыс бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлына алғыс хат табыстады. Тура осындай алғыс хаттар Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің бас имамы Жанболат Жұматұрұлы мен Теміртау қаласының бас имамы Естай Айтуғанұлына да бұйырды.

Ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары