Тілдік нұсқа
Радио

Фото

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ «ЖУСАН» ОПЕРАЦИЯСЫМЕН ЕЛГЕ ОРАЛҒАН АЗАМАТТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ (ФОТО)
25 мамыр, 2021 жыл 128 Басып шығару нұсқасы

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қарағандыға келген сапарында Қарабас кентіндегі 159/18 түзету мекемесіне барып, «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы елге оралған 5 азаматпен арнайы кездесті.

«Қазақта «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген жақсы сөз бар. Сіздерді мемлекет қамқорлығына алып, қияннан елге алып келді. Бұл –үлкен қамқорлық. Мұндай гуманитарлық операцияны жасау арқылы еліміз әр азаматтың қымбат екенін көрсетті. Сіздер елге келген соң дін маманынан сабақ алып, туралықты ұстауға тиіссіздер. Біз жазасын өтеуші азаматтармен жиі кездесеміз. Имамдарымыз келіп тұрады. Қажетті кітап, дәріс аламын десеңіздер, мүмкіндік жоқ емес. Сондықтан әр сәтті құр жібермей, ілім алып, ақида, фиқһ мәселесінде білікті имамдармен кеңесу қажеттігін қаперге саламын» деді Бас мүфти.

Түзету мекемесінде өткен кездесу барысында «Жусан» операциясы арқылы елге оралған азаматтар Бас мүфтиге сауал қойып, жеке мәселелерін жеткізді. Оларды толғандырған мәселелердің бірі отбасына материалдық көмек көрсету болды. Бас мүфти жазасын өтеуші азаматтардың отбасына мүмкіндігінше мешіт тарапынан қолдау болатынын айтты.

Сондай-ақ кездесуде аталған азаматтар бір кездері адасқанын мойындап, ағынан жарылды. Мазһаб ұстануда жіберген қателігі үшін өкінетінін білдірді. «Ислам шариғатында мазһабтың мәні терең екенін ұғындық. Қазір Әбу Ханифа мазһабы бойынша құлшылық өтеп жүрміз» деді олар.

Айта кетейік, түзету мекемесіндегі кездесуде Діни басқарма атынан Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров болып, діни білім алудағы мешіттің рөлі, діни сенім, шариғат мәселелері бойынша насихат айтып, сұрақтарға жауап берді.

 

muftyat.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары