ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ: БІРНЕШЕ МЕШІТ АСХАНАСЫНА ХАЛАЛ СЕРТИФИКАТЫ БЕРІЛДІ

Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен. Сондай-ақ, харам нәрселерді пайдалануда адамның ақиреті мен дүниесіне тиетін зияны мен қауіпі барын ескертіп, харамнан бойын сақтаған адамның екі дүниенің нығметіне кенелетінін сүйіншілеген.

Тағы бір өсиетінде: «Халал рызық іздеу – мұсылмандарға парыз», – дей келе: «Бір кісі қырық күн халалдан жесе, Алла Тағала ол кісінің жүрегін нұрландырады, жүрегіндегі хикметті тілінен ағызады», – деп адал астың рухани тұрғыдан тазаруға қаншалықты пайдалы екенін айтады.

ҚМДБ-ның Қарағанды облысына қарасты Теміртау қаласындағы «Әлихан Бөкейханұлы» мешіті, «Жақып Ақбайұлы» мешіті, Нұра аудандық мешіті, Саран қалалық мешіті және Қарағанды қалалық «Бала қажы» мешіттері асханасына халал сертификаты берілді. Тексеріс жұмыстарын ҚМДБ-ның Халал ЖШС-ның Қарағанды облысы  бойынша жауапты өкілі Абдрахманов Ысқақ Рахимбекұлы жүргізді.  Қадағалау барысында барлық қызметкерлердің жұмыс жасау барысы, санитарлық тазалық шарттарын сақтауы, шариғат талаптарына сай емес өнімдерді қолданбауы, мекемеге шикізат өнімдерін тасымалдаушы кәсіпорындардың құжаттары, техникалық құрал-жабдықтардың стандарт талаптарына сай жабдықталуы, қаптамалардың адам денсаулығына зиянды болмауы секілді өнім өндіруден бастап тасымалдап сатуға дейінгі барлық процесс тексерілді.

 

ҚМДБ ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі

 

© 2009-2021, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін