«Бала қажы» мешітінде “КЕҢ БОЛСАҢ, КЕМ БОЛМАЙСЫҢ” атты қайырымдылық жәрмеңкесі өтті.

Біреудің мұң-мұқтажын өтеу, оны басына түскен уақытша қиындықтан құтқарып, жағдайын жеңілдету. Ойлаған адамға бұдан асқан бақыт, бұдан асқан ләззат бар ма?

Расында, адамның ең жақсысы ‒ басқаларға пайдалы болғаны, ал амалдардың ішіндегі Аллаға ең сүйіктісі ‒ адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау.

Қоғам мейірімге, жан жадыратар жақсылыққа мұқтаж. 

«Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы бар ма?» деп «әр-Рахман» сүресінде баяндалғандай, шынында да жақсылықтың қайтарымы ‒ тек жақсылық қана. Бүгін Қарағанды қаласы “Бала қажы” мешітінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен “КЕҢ БОЛСАҢ, КЕМ БОЛМАЙСЫҢ” атты қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Шараның басты мақсаты көмекке мұқтаж жандарға аз да болса көмек беру. Осы орайда ұйымдастырылған жәрмеңкеден түскен түсімнің бір бөлігі денсаулығына байланысты үлкен емге қаражат жиналып жатқан Асқарова Айерке атты қарындасымызға аударылса, екінші бөлігі көп балалы жандарға үлестірілді.

Алланың Мейірімі қандай шексіз болса, мейірімділік пен қайырымдылыққа, жақсы амалдарға беретін Оның қайтарымы да сондай кең болары сөзсіз. Ендеше, жалғыз Алланың разылығын табу жолында аянып қалмай, қайыр қылудан қалыс қалмайық.

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы  бойынша баспасөз қызметі

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін