«Нәтиже сүт фабрикасы» халал сертификатын жаңартты

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ей, Елшілер! Таза (адал) нәрселерден жеңдер және ізгі амал істеңдер...», сонымен бірге «Ей, иман еткендер! Біз сендерге берген жақсы нәрселерден жеңдер...» –деген. Адамның адал ас ішуі – рухани дүниеге де, денсаулыққа да тікелей әсер ететіні ақиқат.  Халал тағам – денсаулықтың кепілі. Ас – адамның арқауы. Қандай ұлттың болмасын тағамында міндетті түрде болатын өнім бар, ол – ет. Бүгінгі таңда азықтың түр-түрі шығып жатқан кезеңде халал ет өте сұранысқа ие.

Бүгінгі таңда сүт өнімдері халал сертификаттаудан өтуді қажет ететін сала. Өйткені табиғи сүт өндірушілер саны кемде-кем. Қарағанды облысында орналасқан «Нәтиже сүт фабрикасы» сүт өнімдерінің таза сүттен дайындалатынын, табиғи екендігін растаған болатын. Фабрика 1999 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істеп келеді. Қарағанды облысында орналасқан басты зауыттың жалпы аумағы 2740 шаршы метрді алып жатыр. Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 86 тонналы өндірісті құрайды. Тәулігіне 50-55 тонна шикізатты өңдеп, 45-50 тонна дайын өнімдерді шығарады. Зауыт сүт түрлерінің 2,5-3,2%-ды сүт, айран, түрік айраны, йогурт, сары май, сүзбелі өнімдер, балмұздақ өнімдерін өндіреді. Аталмыш зауытқа «Халал Даму» ЖШС Қарағанды облысы бойынша жауапты өкілі Ысқақ Абдрахманов  арнайы бақылау жұмыстарын жүргізіп, фабриканың сертификатын жаңарту мақсатында   сүт өнімдерінің құрамы, кәсіпорынның өндірістік жабдықтары, зертханасы, шикізат базасы мен ішкі тазалығын тексерді.  Сондай-ақ қызметкерлердің жұмыс жасау барысы, санитарлық тазалық шарттарын сақтауы, шариғат талаптарына сай емес өнімдерді қолданбауы, мекемеге шикізат өнімдерін тасымалдаушы кәсіпорындардың құжаттары, техникалық құрал-жабдықтардың стандарт талаптарына сай жабдықталуы, қаптамалардың адам денсаулығына зиянды болмауы секілді өнім өндіруден бастап тасымалдап сатуға дейінгі барлық жұмыс процесі тексерілді. Жаңа сертификатты ҚМДБ ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы табыстады. Алдағы уақытта «Нәтиже сүт фабрикасына» асы адал, жұмыстары берекелі бола берсін демекпіз! Фабриканың жаңа мәзірімен төмендегі сурет айдары арқылы таныса аласыздар.

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойына баспасөз қызметі

 

                                                                          

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін