Абай ауданы, Жұмабек ауылында жаңа мешіт бой көтеріп келеді (фото)

Алланың ризалығына жетелейтін жол Ислам шариғатында жатыр. Соның бірі – имам Мүслимнен келген хадисте кездеседі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқан: "Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері."

ҚМДБ-ның Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Хумар Қоныскерей облыс бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының тапсырмасымен Абай ауданы, Жұмабек ауылына арнайы бақылау-басқару қызметтік іс-сапары бойынша ат басын бұрды. Аймақта орын алып жатқан сауапты һәм шарапаты мол шарамен танысып, бақылау жұмыстарын жүргізді. Бұл игі іс – мешіт құрылысты. Естеріңізге сала кетсек, осыдан дәл үш жыл бұрын аты аталған аймақта жаңа мешіттің қабырғасын көтеру ісі қолға алынған еді. Марқұм Ханафия Жидебайұлының көзі тірі кезінде бастау алған мешіт құрылысын сауапты істі кезінде бірге бастап, жұмыс атқарған Нұрдәулет Баймұхамедұлы және Ержан Берелұлы жалғастырып, құрылысты жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда мешіттің төбесі заманауи түрде салынып, жылы еден орнатылып жатыр. Дін жанашырлары мен жомарт жандардың қолдауы мен демеушілік көмектерінің нәтжесінде мешіт құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осы уақытқа дейін құрылысқа сегіз миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Игі істің барысы мен тынысынан хабар алған облыс наиб имамы Хумар Қоныскерей және Абай ауданның имамы  Аманбол Бокаев берекелі құрылыстың куәсі болып қайтты.

Алла үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған.

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы  бойынша баспасөз қызметі

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін