Еріктілер тобына ерекше ілтипат көрсетілді

Адамзат баласы ұрпағына қайырымдылық пен ізгілікті үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуды басты мұрат санайды. Адамға жақсылық, табиғатқа қамқорлық жасау — имандылық пен қайырымдылықтың белгісі. Мейірімі мен жан жылуы мол адамды қайырымды кісі деп  атайды. Бүгінгі таңда елімізде түрлі қайырымдылық қорлар еш риясыз сауаты іс-шараларды белсенді түрде жүргізіп келеді.

         Қайырымдылық – сауабы мол амалдың бірі екендігін Алла Тағала «Әли-Имран» сүресінде: «Жақсы көрген нәрселеріңді, (мысалы дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар», – деп баяндаған.

Қамкөңіл жанға көмек қолын созу – ол да қайырлы іс. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қолына не нәрсе түссе де, мұң-мұқтажға таратып беріп, өзі кимесе де өзгені киіндіріп, өзі ішпесе де өзгеге ішкізіп, қарамағындағы адамдардың сәл де болса қуанғанын көруді өзіне зор қуаныш, үлкен бақыт деп есептейтін. Әрбір адамның өзіне үлгі тұтар тұлғасы, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен тәлім алып, оны күнделікті өмірімізде көрсетуге талпынып жүрген жандар айналамызда жетерлік.

         Осы тұрғыда Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінде облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы мен Қарағанды облысының дін істері басқармасының басшысы Дулат Халел мырзаның қатысуымен қоғамдық қор мүшелері және еріктілер тобымен басқосу өтті. Басқосуда елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде, қасиетті рамазан айында жасалған қайырымды істердің нәтижесі сарапталып, сындарлы сәтте ынтымақтасып жұмыс жасаған еріктілер тобына алғыс хаттар табысталды.  Қала мешіттері мен "Зекет" корпоративтік қоры, "Ана-Мама" қоғамдық қорының бірлескен іс-шараларының нәтижесінде 3600 адамға ауызашар тағамы беріліп, 2300-ден астам отбасыға азық-түлік қоржыны жеткізілген.

         Басқосуда сөз алған Дулат Халел: - "Ерікті дегеніміз - арнайы бір мақсатта құрылған ұйымдарға өз еркімен мүше болатын адамдар. Қазақта «асар» деген сөз бар. Асар деп - еш ақы, төлемсіз топ адамның өзге адамға қол ұшын созуы. «Еріктілер» атқаратын қызмет пен асаршылар атқаратын қызмет тең екендігін байқауға болады. Ерікті деген ұғым аты айтып тұрғандай өз еркімен, ешқандай ақысыз қоғамға қызмет ететін адам. Бүгінде еріктілер- қоғамның бір мүшесі болып қалыптасты. Жастарды елмен, халықпен бірге жұмыс жасауға үйретудің негізі - осындай ұйымдардың болуы"- деп өзінің ізгі тілегін білдірді.  

Қарағанды облысының дін істері басқармасы тарапынан берілген алғыс хатта төмендегідей шынайы лебіз айтылған:

«Мен тарыдай жақсылық қылсам, адам атануға ұялмаймын» деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай әрдайым мұқтаж жандарға жанашыр сүйеу болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну халқымыздың қанына сіңген ең ізгі қасиеттердің бірі.

         Сіз әрдайым қайырлы істің қайтарымы еселенетін Рамазан айында Қарағанды аймағының азаматтарына көмегіңізді беру арқылы бірліктің түбі тірлік екенін айқындап, халық арасында ізгілік пен рухани тұтастықтың, азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіз.

          Сонымен бірге, мұқтаж азаматтардың бойына сенім, жанына жігер ұялататын бұл шаралар ағымдағы «Еріктілер жылында» өз маңыздылығын арттырып отыр.

         Осыған орай, Сізге әрқашан игі амалдарға деген талпынысыңыз тоқтамайтын, асыл армандарына қол созғандарға сүйеніш болып, барша халықты бауырындай көретін асыл қасиеттіңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз.

         Еліміздің тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын!

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін