«БАСТЫСЫ - НИЕТТІҢ ТАЗАЛЫҒЫ»

Қасиетті рамазан айының қарсаңында бас имам Өмірзақ қажы Қазкенұлы БАҚ өкілдеріне маңызды ақпараттар берген болатын. Соның қатарында облыстық Қарағанды "Орталық Қазақстан" газетінің тілшісімен жарияланған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

            Уәде еткеніміздей, Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа ағамызға жолығып, елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде қасиетті ораза айын өткізу тәртібімен толығырақ танысып қайттық...
⠀         «Иә, белгіленген тәртіпке сай тарауық намазы оқылмайтын болды. Әр мұсылман бауырымызға өз шаңырағында отбасымен оқуға кеңес береміз. Сонымен қатар, ораза айындағы сауапты істің көші саналатын «ауызашар» дәстүрінде тоқтатуға тура келді», — дейді Өмкең қажы.
⠀       Дін жолында жүрген кейбір бауырлардың бұл шешімді құп көрмейтінін де ішіміз сезеді. Керісінше, мешітте жамағат болып, дұға сұрасақ елге қауіп төндіріп тұрған індеттің іргесін сөгеміз дейтін пікірді ұстанатындар да жоқ емес қой деген әңгімеме, «Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) дұғаның тек қабыл болатын уақыттарын ғана айтты. Ал, мешітте, үйде қылған құлшылықты алалаған жоқ» деп тіл қатты. Демек, бастысы – ниеттің тазалығы.
⠀         Бас имамның айтуынша, «YouTube» желісінің “Ihsan.kz” арнасына ұстаз-имамдардың онлайн уағыз-насихаттары, дәрістері жүктелуде. Алдағы уақытта тарауық намазаның оқу үлгісін жариялап, жұртпен бөлісуді ниет етіп отыр.
⠀         Осындай күрделі тұста ораза ұстамауға кей дәрігерлер кеңес беруде. Себеп сол, иммунитеттің төмендеуінен вирус жұқтыру қаупін төндіруі мүмкін. Осы ұстанымдағыларға айтарыңыз? Ауыз бекітуден кімдер босатылады?
⠀         «Әрине. Елдің үрейі де орынды. Бірақ, ораза ұстау — бес парыздың бірі саналады. Сол себепті, Аллаға ниет етіп, тәуекел шеңберінде құлшылыққа қамданса болады. Қазір көбі — үй жағдайында. Бір шаңырақтың астында дінімізді, ділімізді, дәстүрімізді насихаттап рухани баюға мол мүмкіндік туып отыр. Алайда, асыл дінімізде, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді» деген жауапты қанағат тұттық. 

         Ораза — сауаптардың еселенетін айы. Демек, Алланың ризашылығын алуды мұрат тұтқан әр мұсылман қасиетті айда мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруына болады дейді Өмірзақ қажы.

- Мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату;

- Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру;
- Ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру,т.б.

         Сөз соңын Өмекеңнің көрікті ойымен түйіндейік:
«Біз талай зұлматты заманды бастан кешіп, өсіп-өнген елміз. Қиындықты сабырға жеңдірген адам Алланың разылығы мен рақымына ие болады. «Расында, Алла сабыр етушілермен бірге». Раббымыз «Бақара» сүресінің 153-аятында құлдарын осылай сүйіншілейді. Уақытша сынақты әуелі Алланың жәрдемімен, иманымыз бен бірлігіміздің арқасында жеңіп шығатынымызға көбірек үміт артайық. «Аққа Құдай жақ» дегендей, осы сынақ кезеңінен ақ адал ниетімізбен аман-есен өтейік. Алда келе жатқан қастерлі Рамазан айымыз құтты да, қайырлы болғай!».
⠀         Сұхбатымыздың кеңейтілген нұсқасын газетіміздің алдағы санынан оқитын боласыздар, бұйырса!

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін