Әдепті болудың 6 жолы

Әдепті болу, кез келген ортада өзін әдепті ұстау – мұсылман баласына тән мінез. Сыртқы келбет пен ішкі жан-дүниенің сұлулығы ұштасқан кезде адам бойынан әдептілік байқалып тұрады.

Бүгінгі жұма уағызына арқау болған мәдениеттілік, яки, әдептілік жөнінде аз-маз тоқталмақпыз. Әрине күллі мұсылман, тіпті адамзат баласына әдептілік, мәдениеттілік, көркем мінез тұрғысынан үлкен үлгі бола алатын Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екені айтпаса да түсінікті. Ардақты Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мирас болып қалған өсиеттерге сүйене отырып, әдепті болудың 6 жолы, басқаша айтқанда әдепті адамның 6 белгісін айтуды жөн көрдік.

 

Ашуланбау

Ашу қысқан сәттерде маңайыңыздағыларға дүрсе қоя бермей, сабырлық танытып, ашуды жұту көп нәрсенің алдын алады. Өйткені ашу-ыза адамның есін жоғалтып, түрлі жамандықтарға ұрынып, орны толмас өкініште қалуына сеп болуы мүмкін. Сол себептен де Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиет айтыңыз деп сұраған адамға қайта-қайта «Ашуланба!» деп жауап берген. Ал көпшілік ортада не болса соған ашуланып, елдің берекетін алу әдептілікке жатпайды.

 

Ұятты болу

Кез келген ортада немесе жалғыз қалғанда ұятқа аса мән беру де – әдептіліктің бір белгісі. Себебі ешкімнен ұялмаған адам ойына келгенді істей беруі мүмкін. Мәселен, балағат сөздерді қосып сөйлеуге әдеттеніп кеткен адам ешкімнен қысыла қоймайды. Ондай адамды мәдениетті, әдепті деп айта алмайтынымыз тағы белгілі.

 

Өтірік айтпау, шын сөйлеу

Әбу Дәуіттен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әзілдеп болса да өтірік айтуды тастаған адамға жәннаттың ортасынан үйі болатынына кепілдік беремін» дейді. Шыншыл болу – қай заманда болмасын ардақталған адамның бойындағы ерекше қасиет. Өтірік айтпау, тек шындықты жеткізу Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) ас-Сыддық (шыншыл), ал әділ болу Хаттабұлы Омардың (оған Алла разы болсын) әл-Фаруқ (ақиқатты ажыратушы) атануына себеп болды. Әз Пайғамбардың сенімді серіктері де әдептілік тұрғысынан баршаға үлгі бола білгені тарихтан белгілі.

 

Таза жүру

«Достың ескісі, киімнің жаңасы жақсы» десек те, Ислам дінінде киімнің жаңа болуынан гөрі оның тазалығына баса мән беріледі. Оған қоса ішкі жан-дүниенің, жүректің тазалығын ұмытпаңыз. Өйткені алғаш танысқан адамның көзі алдымен киіміңізге түссе, сөйлесе келе мінез-құлық, әдебіңізге мән бере бастайды. Сондықтан сыртыңыз бүтін болғанымен, ішіңіз түтін болып жатса, бұл да әдепті, мәдениетті адамның белгісіне жатпайды.

 

Жақсы сөз сөйлеу

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деген мәшһүр хадис бар. Екі дүние сардарының (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл өсиеті де адамдарды әдепті, мәдениетті болуға үндейді. Сөзіне ісі сай, өзіне қатысы жоқ нәрсеге басын тықпалай бермейтін адамды қоғам да ешқашан сыртқа теппек емес. 

 

Көпшіл болу

«Жаяу жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адасқан артығырақ» деп жатамыз. Мұның астарында эгоист болмау, көппен бірге болу деген түсінік жатыр. Өзінің ғана бас пайдасын ойлайтын адам өзімшілдікке салынып жүріп, көпшіліктің сенімінен бөлек әдептіліктен жұрдай болады. Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жалғыз жүргенді құп көрмейтін. Тамақ ішсе де, жанында қара көбеймейінше көңілі көншімейтін. Бұл да Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын әдептілікке үйреткен тәлімі еді.

 

Түйін: Әдептілік – туа бітті қасиет емес. Ата-анасынан балаға қанмен берілуі мүмкін. Бірақ, көбінесе әдептілік өсе келе бойға даритын қасиет. «Әдепті бала – арлы бала» деген дана халқымыз әдептің бастауы ар-ұят деп білген. Ендеше, баламыз әдепті болсын десек, отбасындағы тәрбиеге көңіл бөлген жөн деп білеміз.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін