"Салкен молда" мешітінде салауаттар айтылды

Бүгінгі таңда Мәуліт айының құрметіне аймақ бойынша мешіттерде рухани кештер ұйымдастырылып, Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сансыз салауаттар айтылуда. Соның қатарында Шахан кенті, "Салкен молда" мешітінде Амирханов Сырым имамның ұйымдастыруымен адамзаттың асылы «АЛЛА ЕЛШІСІ» атты мерекелік Мәуліт кеші өтті. Мәуліт мерекесіне арналған жиында имам берекелі кешке жиылған  жамағатты мүбарак күнмен құттықтап,  Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір тарихы  мен  өнегелі жолы  жайлы уағыз жүргізді. Шахан кентінің жас жеткіншектерінен құралған топтың қойылымдары мен жатқа айтқан хадистерін, салауаттар мен сәлемдерін жиналған жұртшылық тамсана тыңдады. Бұл жасөспірімдер имамның тұрақты шәкірттері. Бос уақыттарын тиімді пайдаланып "Салкен молда" мешітіндегі діни сауат ашу курстарында қосымша дәрістер алады. Обал мен сауапты, адал мен арамды, жақсы мен жаманды, жат ағым мен дәстүрлі діннің айырмашылығын ажыратып өскен ұрпақ тәуелсіз еліміздің де ертеңгі елеулі азаматтары болып қалыптасады. Шарапатты Мәуліт мерекесіне келген кент жұртшылығының ортасында осы балалардың да ата-аналары қонақ болды. Балаларға тәттілермен жинақталған қораптарды имам сыйлыққа берді. Салауат айтудың үлгілері жиналған қауымға тегін таратылып, мешіт асханасынан ас берілді. Ел мен жерге Алладан берекет пен тыныштық тілеп бата жасалды. Осындай берекелі кеште тілеген дұға әманда қабыл болады. Құран Кәрімде: «Расында, Алла пайғамбарға рахмет етеді.  Және періштелер салауат айтады. Әй, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер», деп әмір етілген. Баршамызға Алланың рахымы мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағаты нәсіп болсын!

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін