Форумның өзектілігі жайында отырыс өтті

Жуырда Елордамызда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ-ші республикалық имамдар форумында мазмұндық деңгейі жоғары жайттар бекітілген болатын. Бас мүфти Серікбай қажы Ораз өзінің мазмұнды баяндамасында: «Сана түзелсе – адам түзеледі. Адам түзелсе – қоғам түзеледі. Пенденің бойындағы иман-сенім – барша жамандықтың қалқаны», – деп атап өтті. Иә, қай кезеңде де рухани құндылықтар – қоғам тірегі болып саналған. Сол қоғамды құрайтын адамзат баласы жақсылықтың жаршысы болуға тырысуы шарт. Осы орайда Қарағанды облысының дін істері басқармасымен  ҚР дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында  бірлескен форум өтті. Форумға  өңірге қарасты қала, аудан имамдары мен жат ағыммен жұмыс жасайтын теолог мамандар қатысты. Басқосуда сөз Бас имам Өмірзақ қажы Қазкенұлы: - Құрметті меймандар! Елордамызда өткен ІІІ-ші республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани Тұғырнамасы», «Діни рәсімдер тізілімі» құжаттары қабылданып, қоғамға рухани құндылықтарды насихаттаудың тетіктері ортаға салынды. Дін қызметкерінің жұмысы қай заманда абыройлы болса, соғұрлым жауапкершілігі жоғары болған. «Діни рәсімдер тізілімі» құжатының мәні мен маңызы біздер үшін айрықша болды. Бүгінгі уақыт талабын сай имамдар атқаратын қызметті белгілеп, оның маңыздылығын айшықтап алатын кез келді. Форумда қазіргі қоғамға ең қажетті рәсімдер көрсетілгендіктен оны бірізділікпен атқару баршамыздың асы борышымыз.- деді. Сондай-ақ бас имам бұл рәсімдерді дін қызметкерлерінен өзге жеке азаматтардың орындауына болмайтынын халыққа түсіндіру қажеттілігін де еске салып, бүгінгі және ертеңгі ұрпақ өмірінің рухани азығы мен мызғымас тәртібі мен тәрбиесіне оң ықпал ететіндігін еске салды.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін