«Әнет баба» мешітінде дін мен дәстүр сабақтасты

Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел болатындығын болжаған қазақ халқы ұлттық сана-сезім мен тәрбиенің тағылымды ұстындарын асыл дініміздің құндылықтарымен сабақтастырып жолға қоя білген. Дін мен озық үлгідегі дәстүріміз бір-бірімен астасып, тұрмыстың ажырамас құндылығына айналған. Рухани жаңғыру үдерісі де сол негіздегі қалыпты сақтай отырып, бүгінде кеңінен насихатталып қана қоймай, оны іс жүзінде атқару жүзеге асып келеді. Сәби дүниеге келгенде ата-ананың баласы алдындағы міндеттері азан айтып ат қою, көркем есім таңдау, имани тәрбие беру. Асыл дініміз туылған нәрестеден бастап, ержеткенге дейін перзентке қандай тәрбие беру керектігін нақтылап берген. Құран Кәрімде: «Әрбір үмбетке өздері ұстанатын салттар бекіттік», делінген. (Хаж сүресі, 67аят) Нәресте туылған соң оң құлағына азан, сол құлағына қамат айту жақсы амалға жатады. Хадисте: «Кімде-кімнің баласы туылғанда оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылатын болса, онда ол нәрестеге сәбиді сырқаттандыратын жел немесе жынның әсері болмайды» деген. Осы орайда Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде салт-дәстүрдің бірі «азан айтып ат қою» мен «тұсаукесер» рәсімі атқарылды. Қаламыздың тұрғындары жас отбасы Тілек пен Гүлжаухар отбасындағы қуанышқа ортақтасқан «Әнет баба» мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы Дидар есімді сәбиге азан шақырып атын қойды. Елімізге танымал Арқа елінің ақиық ақыны Дидар Қамиев сәбидің тұсауын кесті. Тұсауы кесілген сәби тәй-тәй басып барып, домбыраның құлағын ұстады. «Әрбір амал ниетке қарай болады» дегендей, ата-анасының ниеті қабыл болды. Тұсауы кесілген сәби Дидар болашақта Дидар Қамиевтай елдің баласы болсын деген ақжарқын ақ тілектер айтылды. Бас имам Өмірзақ қажы ұрпақ тәрбиесі, дін мен дәстүрдің отбасы өміріндегі ерекшеліктері турасында насихат айтып, жас отбасыға және сәбиге сәттілік тілеп бата берді. Аллаға шүкір тұғырлы тәуелсіздігіміздің арқасында мешіттеріміз – діни істерді дамытумен қатар, руханилық бабалар мұрасын жаңғыртатын орынға айналып келеді.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін