«Әзірет Сұлтан» мешітінде тегін тігін үйірмесі ашылды (ФОТО+ВИДЕО)

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Алтын ине» тігін үйірмесінің ашылу салтанаты болып өтті. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен іске қосылған тігін үйірмесі «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі әйел жамағатын шеберлікке баулып, тігіншілік өнердің қыр-сырына тегін үйрететін болмақ.

Қасиетті Рамазан айында ашылып отырған тігін үйірмесіне қазірдің өзінде 24 шәкірт жазылған. Үйірме жетекшісі Рахметова Салтанаттың айтуынша, олар бұл жерде киім тігудің алғашқы ережелерін үйреніп, түрлі киім үлгілерін жасап шығарумен айналысады. Әзірге үйірмедегі тігін машиналарының санына орай, бір ауысымда сегіз шәкірт тәлім алатын болады.

«Шебердің қолы алтын» деп дана халқымыз айтпақшы, ине-жіптің «сиқырын» игерген қыз-келіншектердің үйіне береке еніп, ырыс тұрақтайтыны сөзсіз. Асыл дініміз үлгі еткен мұсылман әйелінің де бір қасиеті – қолына құт қонақтаған осы тігіншілік өнері болса керек. Осы себепті де «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі әйел жамағатына арнап тігін үйірмесі ашылып отырғанын тілге тиек еткен наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша шәкірттерге ізгі тілегін жеткізіп, жұмыстарының берекелі болуын тіледі.

Бас мешіттегі игі шараға елімізге белгілі киім дизайнері, «IMANI» мұсылман әйелдерге арналған киім үлгісінің авторы Ұлжан Тұрабаева ханым да арнайы келіп, құттықтау лебізін білдірді. Бір кездері өзінің де осындай үйірмеден сабақ алғанын айтып өткен белгілі дизайнер төл тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтты. Қуанышты хабарды естіген «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағаты да тігін үйірмесін арнайы зиярат етіп, ақ баталарымен нұрландырып қайтты.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін