Жүз отбасына жәрдем берілді

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің мұсылман қауымына жасаған үндеуінде: «Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Қасиетті айда ізгі іс-шараларды, қайырымдылық жұмыстарды көбірек жүзеге асыруымыз керек. Ораза кезінде әр саладағы мекеме жетекшілері мен жалпы жамағатқа ауызашар ұйымдастырылсын. Қайырымдылық айында материалдық мүмкіндігі аз адамдарға мүмкіндігінше көмек көрсетілсін», – деген болатын. Осыны негізге алған Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің бас имамы Қабылбек Әліпбайұлы «Рамазан – мейірім айы» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Елбасымыздың жүз нақты қадам жайындағы жолдауына сабақтастырып, жүз отбасына азық-түлік толтырылған сөмкелер таратты. Бұл шараға  қоғамдағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылары мен қамқорлыққа мұқтаж жандар, көпбалалы аналар, қарттар үйінің тұрғындары, өзге қалалардан келген жатақханада тұратын ЖОО орындарының студент жастары қатыстырылды. ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы жиылған қауымды қасиетті рамазан айымен құттықтап, өмірдегі сан қырлы сынақтарға сабырлық танытуға шақырды. Облыстық дін істері басқармасының орынбасары Жанболат мырза көпшілікке өзінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Бас имам Қабылбек Әліпбайұлы сауапты игі шараға жомарттық танытқан азаматтарға алғысын білдіріп, ораза айының құндылықтары турасында насихат айтты. Сан қырлы сынаққа толы ғұмырда бір-бірімізді барынша демеп, тәуелсіз еліміздің іргесін берік етудің маңыздылығы да кеңінен қамтылды. Осындай ынтымақтасып атқарылған игі шараға жарты миллионнан аса қаражат жұмсалды. Қария кісілерді мешіт қызметкерлері азық-түлігімен бірге үйлеріне тасымалдады.

 

Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің баспасөз қызметі

Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің баспасөз қызметі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін