Ардақты ана қажылық сапарына аттанатын болды

ҚМДБ-ның жанынан құрылған «Тауаф Travel» компаниясы қасиетті қажылық сапарын ұйымдастырып, ел мұсылмандарының маңызды құлшылықтарын емін-еркін орындауына жол ашып отыр. Уақыт талабынан туындап отырған осы мәні зор құлшылыққа ынталандыру және мүмкіндігінше қолжетімді ету мақсатында Қарағанды қалалық мешітінде жұмаға жиылған жамағат алдында ауқымды іс-шара өтті. ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы, «Әнет баба» облыстық мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы жамағатты ынтымақ пен бірлікке шақырып, қажылық парызы жайында және аталмыш қажылық компаниясының негізгі мақсаты турасында насихат айтты. Бас имам Қабылбек Әліпбайұлы «Умра» жасаудың сауабы мен өзара жәрдемдесудің мәні туралы тұщымды уағызбен жалғастырды. Алла елшісінің тарихынан сыр шертіп, мешіт тазалықшысы болған әйелге деген құрметін еске салып өтті. Ғибратты уағыз соңында он бес жылдан астам уақыт «Әл-Машани» мешітінде еден жуушы болып қызмет жасап келе жатқан сегіз баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Ошақбаева Дәмелі апайға умра қажылығының сертификатын сый ретінде табыстады. Көп жылғы адал бейнетінің зейнеті ретінде берілген ерекше сыйлықты жамағат ыстық ықыласпен қабылдады. Бас имам жомарт жандардың қолдауына ілтипат білдіріп, осындай сауапты амалды арттыруға үндеді. Сүйінішті шара барысында құрметті қонақ ретінде шақырылған  «Балақажы» мешітінің бас имамы Нуров Махмуд қажы өзінің игі ақжарқын тілегін жеткізді. Өмірінде елеулі орын алатын қасиетті сапарға шығу мүмкіндігін жасаған имамдарға мешіт қызметшісі Дәмелі апай аналық алғысын жеткізіп, сапарға шығуға қажетті құжаттарын дайындауға кірісіп кетті.

Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің баспасөз қызметі 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін