Қожа Ахмет Яссауи кесенесі енді Түркияда да бар (ФОТО)

Түркияның Ыстамбұл қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы мен Қожа Ахмет Яссауи университеті ЮНЕСКО-ның 2016 жылды «Қожа Ахмет Яссауи жылы» деп жариялауына орай Ыстамбұл қаласының Түркі әлемі ауданында Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің макетін және шатырын ашқан болатын. Кеше арнайы ihsan.kz сайтының оқырмандары үшін аталған жерді арнайы тамашалап, сол жерден көріністер ұсынып отырмыз.

Түркия ғалымы, тасаууфшы Махмуд Есад Жошан өзінің «Тарихи және тасауфф тұлғалары» атты еңбегінде «Мехмет Фатих Сұлтан – Константинопольдің жаулаушысы болса, Қожа Ахмет Яссауи – Анадолының рухани жаулаушысы» дейді. Себебі, оның тәрбиелеген мүриттері осы Анадолы аймағына дін жайған. Түркияның танымал әдебиетшісі Яхия Кемал сол себепті «Біз Қожа Ахмет Яссауиге борыштармыз» дейді. Түрік бауырларымыздың басының тәжі еткен әулие Хажы Бекташ Уәли, Юнус Емре, Мәуланалар да Қожа Ахмет Яссауиді пір тұтқан. Осы себептен де Түркия халқының Қожа Ахмет Яссауиге деген сүйіспеншілігі мен құрметі айрықша. Бір ғана Ыстамбұлдың өзінде Қожа Ахмет Яссауи атында қаншама колледж, саябақ, көше, аудан, мектеп, қор, медресе бар. Осының өзі қазақ топырағында жатқан Хазіреті Сұлтан Қожа Ахмет Яссауиге деген ерекше ықыласына дәлел.

Суреттерді толықтай мына сілтемеден көре аласыздар

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін