Қарағандыда жат ағымның алдын алу бойынша семинар өтті

     ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Үштөбе ауылдық «Қажыбай қажы» мешіті жанындағы діни сауат ашу қайырымдылық орталығында «Деструктивті діни ұстаным - қазақ даласына жат ұғым » атты семинар-тренинг болып өтті.

Аталмыш шараға Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы бастаған дін қызметкерлері қатысып, діни оңалту бағыты аясындағы біршама білімге қол жеткізді.

Алғы сөзді алған облыс бас имамы алдымен ҚМДБ тарапынан оңалту жұмысына ерекше көңіл бөлініп жатқандығын тілге тиек етіп:
«Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен діни оңалту бағыты бойынша тың жобалар қолға алынып жатыр. Халықты діни жат ағымдардан сақтандыру мақсатында имамдар және теологтар қоян-қолтық жұмыс жасауда. Бүгінгі іс-шара соның айқын дәлелі» деді.

Осыдан кейін бас имам Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» кітабы бойынша дәріс оқып, семинар қатысушыларына сәттілік тіледі.

Одан кейін, облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Дархан Асылтайұлы «Ғибадатуль Исламия» кітабы бойынша дәріс оқыды.
Жиын барысында белгілі теолог, РАНТ мүшесі Жанболат Жұматұрұлы  қоғамда өзекті болған жат ағыммен күрес жолдарын талқылап, әдіс-тәсілдер қолдану арқылы деструктивті діни бағыттардың алдын-алу мақсатында баяндама жасады.  Дәстүрлі емес ислам бағытындағы діни ағымдар мен жамағаттар жайында ақпарат берді. Одан кейін, 
«Әнет баба» мешітінің ұстазы Мирас Ерланұлы ақида пәні бойынша дәріс жүргізді. 

Қарағанды облысына қарасты барлық дін қызметкерлері бас қосқан семинарға  «Шариғат және пәтуа» бөлімінің жауапты меңгерушісі Юсуфбек Шұғайұлы арнайы қатысып, «Пәтуа сағатын» ұйымдастырды. Дін қызметкерлерінің тарапынан туындаған түрлі шариғи сұрақтарға жауап беріп, ғұламалар кеңесінің мақұлдауымен жарыққа шыққан жаңа пәтуаларды таныстырды. 

Екі күнге созылған семинар соңында барлық дін қызметкерлеріне облыс бас имамы Естай Айтуғанұлы арнайы сертификат табыстады.

Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін